“ЖАС – АЙ” шығыс-тибет медицинасы орталығы

"ӘХЖО" ҚБ-нің тұсаукесер рәсімін өткізу ниетімен еліміздегі бірнеше ірі-ірі кәсіпорын жетекшілеріне қаржылай қолдау білдіруін өтініп арнайы хат жолдаған болатынбыз. Солардың арасынан бірінші болып "Жас-Ай" шығыс-тибет медицинасы орталығы демеушілік білдірді. Бірлестік ұжымы атынан ауру-сырқауларды емдеп халықтың алғысына бөленіп отырған айтулы орталықтың жетекшісі, академик Жасан Зекейұлына және сондағы барша дәрігерлерге үлкен алғыс айтамыз (Маусым, 2015 жыл).

Жасан Зекейұлы 1967 жылдың 3 маусымында ҚХР-ның, Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Шың жаң медициналық университетінің емдеу факультетін тамамдаған. Еңбек жолын 1989-1996 жылдар арасында Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Күй тун орталық емханасында дәрігер-хирург, инемен емдеуші аға дәрігер қызметін атқарудан бастады. 1996 жылы атажұртқа қоныс аударды. 1997-1999 жылдары ҚР. ҚазМУ-нің «хирургиялық сырқат» кафедрасының аспирантурасын бітірді.

1999-2004 жылдар аралығында Алматы қаласының №12 клиникалық орталық ауруханасында Шығыс-тибет медицинасы бойынша аға дәрігер қызметін атқарды. 2004 жылы «Жас-Ай» Шығыс-тибет медициналық орталығының негізін қалап, қазірге дейін осы емдеу мекемесінің директоры, бас дәрігері. Жасан Зекейұлы, Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей медицина ғылымдарының докторы, Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Халықаралық «Сократ» атындағы орденнің иегері, Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры», Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Нұр Отан» партиясы Әуезов аудандық филиалы саяси кеңес бюросының мүшесі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, «Жас-Ай» медициналық, ақпараттық журналының Бас редакторы, «Ел-шуақ» қоғамдық, қайырымдылық қорының құрылтайшысы. Бірнеше медициналық еңбектердің авторы, Медицина саласында екі патенттің иегері.

Жасан Зекейұлы тұңғыш рет Сызғанов атындағы хирургиялық орталықта қазақ тілінде «Хирургиялық ауруларды және операциядан соң болатын асқынуларды қытай методикасын қолдану арқылы алдын-алу және емдеу» тақырыбында диссертация қорғаған маман. Ол түрлі БАҚ беттеріне қазірге дейін 200- ден астам сұхбаттар мен ғылыми материалдар жариялап, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» саясатын халық арасында табанды үгіттеп, жүзеге асырып келе жатқан қайраткер. Осындай еңбегінің нәтижесінде ол 2011 жылы Елбасының арнаулы алғыс хатымен марапатталды.

2012 жылы Жасан Зекейұлына Ресей Федерациясы Мәскеу қалалық Жоғары академия аралық аттестациялық комиссиясының шешімімен «Жүйкесі жұқарған емделушіні күйзелістен шығаруда дәрісіз емдеу және адамның хал-жағдайын қалпына келтіру үрдісін бақылау» атты ғылыми еңбегіне «Медицина ғылымдарының докторы» ғылыми дәрежесі берілді. Сондай-ақ ҚХР академигі Суньнің жетекшілігімен емделуі қиын ауруларды инемен емдеу жолдары атты ғылыми докторлық еңбекті қорғады.

Жасан Зекейұлы түрлі мәдени-әдеби және спорттық іс-шараларға, зағиып жандар мен ардагерлерге, мешіттерге, студенттерге, емделуге мүмкіндігі шамалы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық мақсатта миллиондап қаржы аударып келе жатқан атымтай жомарт, ұлт жанашыры. Қазірге дейін Жасан Зекейұлы туралы «Шығыс-тибет медицинасының шипагері» атты оның өмірі мен дәрігерлік тәжірибелеріне, жеткен жетістіктеріне негізделіп жазылған кітап 2 рет жарық көріп оқырманның көзайымына айналды. 2012 жылы «Жарқырай бермек Жасан әлемі» кітабы жарық көрді.