Аипберген Балтабаев

Балтабаев Аипберген Балтабайұлы /Айып Нұр/, ақын, жазушы, аудармашы. Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қаламгер 1950 жылдың тамыз айының 19-шы жұлдызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент қалашығында шаруа отбасында дүниеге келген. 1957 – 1967 жылдары Атакент қалашығындағы Қ.И. Сәтбаев атындағы орта мектепті үздік бітірген. 1967-1973 жылдары Алматы қаласындағы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтында оқып, құрылыс инжинері деген жоғарғы мамандыққа ие болған.

1973 – 1998 жылдары «Қазголстепводстрой», «Жетісайауылқұрылыс» трестерінде прараб, инженер, аға инженер, Одаққа белгілі В.И. Ленин орденді «Мақтаарал» кеңшарында бас инженер, құрылыс бастығы қызметтерін атқарған. Жетісай қаласындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы қазақ музыкалық драма театрының, А. Байтұрсынов атындағы орта мектептің ғимараттарын салған. Атакент қалашығындағы Мәдениет сарайын, Сауда орталығын, Аудандық аурухана, дәріхана, Орталық стадион, Мақтаарал, Мәдениет, Қ.И. Сәтбаев атындағы орта мектептерді, Мақтаарал агробизнес колледжінің комплексті ғимараттарын салуда атсалысқан.

Атакент қалашығында және де Мақтаарал ауыл округіне қарасты елдімекендерде мыңға жуық үйлер мен пәтерлер тұрғызуда тынымсыз қызмет еткен. Халыққа қызмет ететін көптеген ғимараттар тұрғызған. Осы еңбектерін мемлекетіміз бағалап, Бүкілодақтық Халықтар Көрмесінің Жетістіктерінің (ВДНХ) құрылыс саласы бойынша жеңімпаз атанып, алтын медалінің иегері болған. 1996-1998 жылдары Атакент қалашығының әкімі. 1999 жылдан бері «Айып Нұр» шаруа қожалығының төрағасы. 2004 жылдан бері «Сырдария» университетінің директоры (қоғамдық негізде).

2004 жылы заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған. Айыпберген Балтабайұлы бірнеше, ондаған кітаптардың авторы. Атап айтатын болсақ: «Жүрек жылуы», «Назеркем», «Ғашықтар әні», «Уа, Дариға-ай!», «Алтын бесік», «Туған жер», «Мектебім менің, мектебім», «Сағыныш сазы», «Оңтүстіктің Әділханы», «Алтын қолды хирург» кітаптары халық арасына көптеп тараған. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы «Біздің Димекең», Нәзір Төреқұлов туралы «Жұлдызды ғұмыр» пьессалары жарық көрген.

Елімізге белгілі халық ақыны, жырау Қайыпназар Әйтпеновтің өмірі мен шығармашылығы жөнінде жеті жылдай (2004-2010 ж) зерттеп, зерделеп ғылыми жұмыстар жүргізген. Қ. Әйтпеновтің «Аталы сөз» кітабы мен ғылыми манографияларын дүниеге әкелген. Дүние жүзінің классик, философ, ғұлама ақыны И.В. Гетенің жүзден астам өлеңдері мен «Рейнеке түлкі» дастанын қазақ тіліне аударған. 2010 жылы Әл-Фараби атындағы университетінде филология мамандығы бойынша арнайы жоғары білім алған. Бүгінде «Жан жылуы», «Тағдыр» кітаптары баспаханада көп тиражда басылуда. Отбасында жұбайы Назира екеуі алты ұл-қыздарды өсіріп жетілдірген. Бәрінің де жоғары білімдері бар. Екеуі дәрігер, үшеуі заңгер, біреуі мектеп оқушысы. Үш немересі бар.