Нағашыбай Балмаханұлы

Нағашыбай Балмаханұлы, журналист, ақын, аудармашы. Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі. Қазақстан Журналистері одағының мүшесі.

Қаламгер 1951 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Тымабұлақ ауылында дүниеге келген. Ақтөбе педагогикалық институтының филология факультетін (орыс тілі мен әдебиеті) бітірген (1973 ж.). Аудандық баспасөзде, атқарушы және сайланбалы органдарда басшы қызметте болған. 1992 жылдан аудармашылық кәсіппен айналысады.

«Көгершіні көңілімнің» (өлеңдер), «Ғарышкер үні» (өлеңдер), «Сервус, мадонна» (өлеңдер), «Кітаптағы жазу» (аударма, орыстың махаббат лирикасы), «Құмсағат» (өлеңдер, аудармалар (поэзия, проза, публицистика) жыр жинақтарының, саясат пен журналистика туралы «Білімдіден шыққан сөз» афоризмдер кітабының (Астана, «Ер-Дәулет» баспасы, 2007 ж.), мұнай-газ терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігінің авторы.

Шығармалары республикалық мерзімді басылымдарда («Әлем әдебиеті» журналы (аудармалар), «Ара-KZ» журналы (сықақ өлеңдер мен афоризмдер) жарық көрген. Қ.Жұбановтың туғанына 100 жыл толуына арналған облыстық мүшәйраның, сондай-ақ бірқатар өңірлік және салалық журналистік конкурстардың жеңімпазы және жүлдегері. Қазақстан Республикасының Президентінің Алғыс хатымен марапатталған (2001 ж.).