Бегәлі Әбдуәліұлы

Бегәлі Әбдуәліұлы, педагог жазушы, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

Қаламгер 1943 жылы 15 наурызда ОҚО Бәйдібек ауданы, қазіргі Боралдай ауыл әкімдігіне қарасты Қаратас ауылында дүниеге келген. Осы аудандағы С.Ерубаев атындағы орта мектепті бітірген. Жоғары білмді педагог. Еңбек жолын осы аудандағы Қайнар сегіз жылдық мектебінде 1967 жылдан бастаған. 1968-1978 жылдары Қаратас сегіз жылдық мектебінде ұстаздық қызмет етті.

Ал 1978-1986 жылдары Сарыбұлақ сегізжылдық мектебінің директоры, сол бөлімшеде бастауыш партия ұйымының хатшысы болды. 1986-1998 жылдары С.Ерубаев атындағы орта мектепте мектеп директоры, директордың орынбасары, мұғалім болып қызмет етті. 1998-2006 жылдары Шымкент қаласындағы № 58 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Өзінің көп жылдық педагогтық қызметінде үлкен абыройға ие болған азамат ҚР Білім беру ісінің үздігі, Бәйдібек аудан әкімі мен Мәслихат депутатының Құрмет грамотасының иегері. Жоғары санатты мұғалім.

Қаламгер шығармашылықпен 2006 жылдан бастап етене айналыса бастады. Соның нәтижесінде "Ұстаз ұлағаты", "Өмір жолы тар соқпақ", "Біз айтты демеңдер...", "Өнегелі өмір", "Сырымды саған айтам, Қожа" атты прозалық кітаптары жарық көрген. Соңғы прозалық шығармасы "Өрлеу" Білім жетілдіру институты мамандарының ғылыми кеңесінде қаралып, жоғары бағаланған. Зайыбы Қыздығой Қалдыбекқызымен 45 жыл бірге өмір сүріп келеді. Бір ұл, үш қыз өсіріп тәрбиелеген үлгілі әке, елге қадірлі азамат.