Қайыржан Төрежанов

Төрежанов Қайыржан Рахымбайұлы, журналист, публицист, бастамашы, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

Республикалық "Айқын" газетінің Ақпарат бөлімінің редакторы. Мақалалары қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп тұрады. 1961 жылы 18 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей облысы) Үржар ауданы Қызылту ауылында дүниеге келген. Егінсу орта мектебін бітіргеннен кейін 1979-1982 жылдары Тынық мұхиты флотында әскер қатарында болды.

Қазақстан ЛКЖО (Ленин комсомолдық жастар одағы) жолдамасымен 1985 жылға дейін Владивостоктағы әлемдік «Океан» пионер лагерінде жұмыс істеді. 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірген. 1989 жылдан 1994 жылдар аралығында республикалық «Қазақстан мұғалімі», «Халық кеңесі», «Заң газеті» басылымдарында тілші, бөлім редакторы, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметтерде болды. Әскери қызметте, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктік баспасөз қызметін басқарды.

2006 жылдан бастап республикалық «Айқын» газетінде бөлім редакторы қызметін атқарады. Мерзімдік баспасөздегі табысты еңбегі үшін Жоғарғы Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның алғыс хаттарымен, бірнеше мәрте Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Әділет министрліктерінің диплом, грамота, ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық сыйлығына ие болды. «Сыртқы Барлау қызметіне сіңірген еңбегі үшін», «Шекараны үздік күзеткені үшін» тағы басқа бірнеше мерекелік, ведомстволық медальдармен наградталған. Публицистикалық шығармалар жинағының, «Құлыптаулы құпия», "Сыртқы барлау" атты кітаптардың авторы.