Ақылбек Шаяхмет

ШАЯХМЕТ Ақылбек Қожаұлы, ақын, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

Қазақстан жазушылары одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі. Қаламгер 1951 жылы туған. Жітіқара қаласында қазақ мектебін бітіргеннен кейін «Шевченко» кеңшарында шопан болып жұмыс істеген жас қаламгерді Әулиекөл аудандық газетіне қызметке шақырады.

Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда жұмыс істеді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Москвадағы Әдебиет институтын бітірді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан жазушылары одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі Қостанай облыстық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық білім департаменті директорының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, журналистика факультетінің деканы болып қызмет атқарды.

Қазіргі уақытта ҚМУ баспасөз орталығының жетекшісі. Қазақтардың бірінші және үшінші дүниежүзілік құрылтайының, Қазақстан халықтарының республикалық форумының делегаты, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі болды. Қостанай жастар ұйымының, Бүкілодақтық әуесқой шығармашылық фестивалінің лауреаты, «Ана тілі» газетінің лауреаты. «Дала қоңырауы» газетінің тұңғыш ұйымдастырушысы және редакторы болды. Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен, «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұқар жырауға, Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық мүшайралардың жеңімпазы, 2007 және 2008 жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы. 2008 және 2009 жылдары өткен «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері. Жазушы «Қазақ тілінің жанашыры» құрметті белгісімен марапатталды, өмірбаяны «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясына енді. 2010 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ақ бата» республикалық жабық жыр мүшайрасында екінші орынға ие болды.

ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Атамекен» республикалық конкурсында прозалық шығармалар арасында өткен әдеби байқауда екінші орын алcа, «Тәуелсіздікке тарту» республикалық ашық жыр мүшайрасында ынталандыру сыйлығына ие болды. 2012 ж. жаңа пьесаларға арналған «Тәуелсіздік – тұғырым» деп аталған республикалық жабық байқауда жазушының көрнекті мемлекет қайраткері Ілияс Омаровқа арналған драмасы бірінші орынға ие болды. 2013 жылы «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық байқауында «Алаш» көшбасшылары жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болды.

2014 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Ислам және дәстүр» республикалық шығармашылық бәйгесінің ынталандыру сыйлығын алды.Ақылбек Шаяхмет жазушы ғана емес, елдің қоғамдық-мәдени өміріне белсене атсалысып келе жатқан қоғам қайраткері. Тұңғыш жинағы 1977 жылы жарық көрген. Республика баспаларынан 30 кітабы басылып шыққан. Солардың ішінде «Гүл мен бидай», «Шынар», «Күлімдейді күніміз», «Біздің бақшада», «Әдемі», «Аяз және Қыдыр», «Бағдаршам» атты кітаптары балаларға арналған. Автордың өлеңдері орыс және шет ел тілдеріне аударылған. «Есте қалар ел тарихы», «Ел есіндегі есімдер», «Тыңда туған», «Пирамида», «Көзімді ашып-көргенім», «Жұлдызды дәуір», «Жер-бесік», «Мөлдір бұлақ» деп аталатын прозалық, өлеңдер және поэмалар жинақтары оқырмандардың ықыласына бөленді.

Қаламгер драматургия саласында да қалам тербеп келеді. Ақсұлу Орысбайқызына арналған «Ақсұлу» тарихи драмасы Қазақ радиосының алтын қорына қабылданды. Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында оның «Таза бұлақ» және «Шоқанның шері» деп аталатын спектакльдері, Қостанай облыстық орыс драма театрында «Ыбырайдың өсиеті» драмасы қойылды. Аталған пьеса 2014 жылдың ең үздік драмасы атанып, автор «Алтын қалам» жүлдесін алды. Бұл пьесада Ыбырай Алтынсаринның мұсылманшылық жолын ұстанғаны айқын көрсетілген. Ақынның дін тақырыбына арналған шығармалары «Иман» және «Шапағат-нұр» журналдарында, «Ислам және өркениет» газетінде, ҚМДБ және «Мүсілім» сайты мен «Абай» порталында жиі жарияланып жүр. 2011 жылы «Фолиант» баспасынан «Мінажат» деп аталатын имандылық туралы кітабы жарық көрді.

Діндар дәуір әдебиеті өкілдері Нұржан Наушабайұлының өлеңдерін жинастырып, «Алаш» (Қостанай: «Баспа үйі», 1997 жыл) және «Ұйықтама, оян, Алашым!» («Астана: «Фолиант» баспасы, 2014 жыл) және Сейітжан Бекшентайұлының «Қамыңды, қазақ, ойлай бер!» (Қостанай: «Ханд» баспасы,1995 жыл) деп аталатын кітаптарын, Қостанай өңірінің ақындары мен билерінің Ислам діні туралы жазылған шығармаларын құрастырып, «Көңіл жүйрік, тіл орақ» (Қостанай: ҚМУ баспаханасы, 2011 жыл) деп аталған жинақты баспадан шығарды. 2014 жылы «Иман – жүрек айнасы» (Қостанай: Баспа үйі) деп аталатын жаңа жинағы шықты. Мекенжайы: Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты 110000 Қостанай қаласы, Павлов көшесі, 62 - 2 үй тел: 50-30-22 ұялы: 87056506551 қызмет: 39-06-17 Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра..