Назарбек Байжігітов

Назарбек Байжігітов, журналист, публицист және аудармашы, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі. Әлем халықтары жазушылары одағының Қырғыз республикасындағы бас өкілі.

Ұлты қазақ. Бішкек қаласында тұрады. Қаламгер1956 жылы 4 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс ауданында туылған. 1979 жылы Алматыдағы С.М. Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. 1981 жылдан бері Қырғызстанның астанасы Бішкекте тұрады. 1985 жылдан 1991 жылға дейін Қырғызстан компартиясының «Советская Киргизия», 1991-1992 жылдары Қырғызстанның парламенттік «Свободные Горы» газеттерінде әдеби қызметтер атқарған.

1993 жылдан бастап Қырғыз республикасының Үкіметінің «Қырғыз Туы» газетінің хатшылығында еңбек етіп келеді. Әуелде хатшылықтың қызметкері, сосын жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Бірнеше жылдан бері газеттің жауапты хатшысы. Қырғызстан халық Ассамблеясының құрамындағы Қырғызстан қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы. Сондай-ақ Бішкектегі Б. Ельцин атындағы Қырғыз-Орыс-Славян университетінде аға оқытушы болып, қазақ тілінен сабақ береді.

2005 жылы Қ. Қарасаев атындағы Бішкек гуманитарлық университеттінің түркология бөлімін сырттай оқып бітірген. Қазақ-қырғыз морфологиясына байланысты бірқатар ғылыми мақалардың авторы. Қырғыз журналистикасына сіңірген еңбегі үшін 1999 жылы Қырғызстанның Президентінің жарлығымен Қырғыз Республикасының Құрмет грамотасымен, 2014 жылы қырғыз мемлекетіне сіңірген ерекше еңбегі үшін Қырғыз Республикасының Үкіметінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

2011 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен қаламгерге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі берілді. Назарбек Байжігітов қазақ қаламгерлерінің шығармаларын қырғыз тіліне аударып, Қырғызстанның мезгілді баспасөзінде жариялап келеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қырғыз оқырмандары қазақтың талантты ақындары Ұлықбек Есдәулетовтың, Есенғали Раушановтың жырларымен алғаш рет Н. Байжігітовтың аудармасы арқылы танысты. Кейінірек Шаһизада Әбдікәрімовтың, Қасымхан Бегмановтың, Нағашыбай Мұқатовтың өлеңдерінің қырғыз тілінде жарық көруіне ұйытқы болды. Қазақтың белгілі жазушысы Рахымжан Отарбаевтың повесттер жинағын Мұндызбек Тентімішовпен бірге қырғыз тіліне аударған.

2008 жылы Н. Байжігітовтың «Қазақ-қырғыз мақал-мәтелдерінің жинағы» үш тілде – қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде жарық көрген. Қаламгер сонымен қатар, Қожа Ахмед Яссауидің өлеңдерін де қырғыз тіліне аударған, аударма 1999 жылы «Сорос-Қырғызстан» қоры шығарған «Қырғыз поэзиясының антологиясы» екі томдық жинағының түркі поэзиясы бөліміне енген. Н. Байзігітов Дүниежүзі қазақтарының 3 құрылтайы (2005 ж.) жариялаған жыр мүшайрасының лауреаты.

Назарбек Байжігітов Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарымен шығармашылық байланысын еш уақытта үзген емес. «Туған тіл» альманағының редакциялық алқасының мүшесі. Біраз жылдар республикалық «Замана» газетінің, содан кейін «Дала мен қала» газетінің Қырғызстандағы тілшісі болып істеген. 2011 жылдан бері «Түркістан» халықаралық газетінің Қырғызстандағы тілшісі.