Төрәлі Қыдыр

ҚЫДЫР Төрәлі Еділбайұлы, шығыстанушы-филолог ғалым, аудармашы, әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі. ӘХЖО-ның Шығыс тілдері әдебиеті жөніндегі бас кеңесшісі.

Қаламгер 1977 жылы 16 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Ол 1994-1996 жылдары Алматыдағы ҚМДБ жанындағы Ислам институтын, 1996 – 2002 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетін, ал 1999-2000 жылдары Иран Ислам Республикасындағы Тегеран университетін тәмамдаған.

Парсы тілін жетік меңгерген қаламгер 2002-2006 жылдар аралығында ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, 2006-2011 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Түркология ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, 2006-2008 жылдары К14.44.03 – Диссертациялық кеңесінің ғалым хатшысы қызметтерін атқарды.

Төрәлі Еділбайұлы 2011 жылдан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Арабтану және ирантану кафедрасының доценті. Шығыстанушы ғалым 2005 жылы филология ғылымдарының кандидаты, 2011 жылы доцент атанды. Қаламгер 2004 жылғы ҚР Президент грантының, 2005-2006 жылдардағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Талантты Жас ғалымдарға берілетін мемлекеттік стипендиясының иегері.

Төрәлі ҚЫДЫР араб, парсы, түрік, орыс және бірқатар түркі тілдерін (қыпшақ және қарлұқ диялектілері) меңгерген. Ғалымның негізгі зерттеп жүрген тақырыптары: Ислам мәдениеті, Ислам өркениеті, діни құндылықтар, дәстүрлі Ислам дінінің негіздері. Зерттеу аясы Алтын Орда және Мәмлүк қыпшақтар (Мысыр) билігі тұсында дүниеге келген Діни екерткіштер, мәтіндер.

Жарияланған кітаптары: 1.Сүлеймен Бақырғани. Ақырзаман. Алматы: Таймас, 2008. – 480 б. 2. Насируддин Бурһануддин Рабғұзи. Пайғамбарлар тарихы. Алматы: Таймас, 2008. – 480 б. 3. Махмуд Кердери. Нәһджул-фәрадис (Жұмақтардың ашық жолы). Алматы: Таймас, 2010. – 480 б. 4. Алтын орда тұсындағы діни-дидактикалық шығармалар. Алматы: Таймас, 2011. – 480 б. 5. Диуани хикмет (Мәтін, транскрипция, аударма, сөздік). Түркістан: Тұран, 2010. -680 б. Мерзімді баспасөз беттері мен ғылыми жинақтарда отызға тарта мақалалары жарияланған.