Якубжон Хужамбердиев

Якубжон Хужамбердиев, ақын, журналист-публицист. Өзбекстан және Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі. Әлем халықтары жазушылары одағының Өзбекстандағы бас өкілі.

Я.Хужамбердиевтің ұлты Өзбек. Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында тұрады. Ол 1947 жылы 15 наурызда Жалалабад облысына қарасты Сузак селосында колхозшылар отбасында дүниеге келген. Ата-анасы ескіше сауатты кісілер болған. Әкесі махалла имамы қызметін атқарса, анасын жерлестері – «атинчы» атап кеткен.

Қаламгер бала кезінен өлең, шағын мақалалар жазатын, бірақ олар жарияланған емес. Анасы дүниеден өткен кезде мектепті тастап, кәсіптік-техникалық училищеге ауысып кетеді. Тракторшы-машинист болып көптеген мекемелерде, Жалалабадтың №1 автобазасында еңбек еткен. Сузак аудандық Өрт сөндірушілер командасында жұмыс істеп жүріп, аудандық кітапханаға жиі барып, әдеби кітаптарды оқуды әдетке айналдырған ол поэзиялық шығармалар жазуға қайта ынталанады.

Түркіменстанда әскерлік борышын өтеп болысымен Ташкенттегі Ленин атындағы (қазіргі Өзбек мемлекеттік университеті) университеттің филология факультетіне оқуға түседі. Осы кезеңдерде мақалалары мен поэзиялық шығармалары қалалық, республикалық баспасөзде жариялана бастайды. 1970 жылы «Совет Узбекистони» газетінде корректор, 1972 жылы «Узбекистон маданияти» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етеді. Айтулы газет 1981 жылы «Узбекистон адабиети ва санъати» болып өзгереді.

Қаламгер бұдан басқа «Кишлок Хакикати» газетінде, «Саодат», «Ешлик» журналдарында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1992 жылы «Ватан» газетіне бас редакторлық қызметке шақырылып, Өзбекстан Республикасының президенті И.Каримовтың арнайы қабылдауында болады. 1996 жылы Мемлекеттік телеарнадағы «Ассалом Узбекистон» бағдарламасына басшылық қызметке ауысады. Қаламгер 2012 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін осы мемлекеттік мекемеде бас директордың орынбасары, «Ахборот» ақпараттық бағдарламасының жетекшілік қызметін және басқа да бағдарламалардың бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Отбасылы. Төрт перзенті, немерелері бар.

Қаламгердің тұңғыш жинағы 1981 жылы жарық көрген. Я. ХУЖАМБЕРДИЕВТІҢ «Уйда тинчи булсин йигитнинг» (Пусть будет покой дома у жигита), «Ой тулган тунлар» (Полнолуние), «Узбеклар иши» (Дела узбеков), «Сузокнома», «Ойнинг еруг кунлари», «Согуний согинчи» (Скука о Согуни) кітаптары жарық көрген. Қаламгер Ким Селеховтың «Не объявленная война» атты кітабын өзбек тіліне аударған, жазушы Н. Бокиймен бірігіп, Ш. Айтматов пен М. Шахановтың «Құз басындағы аңшының зары» туындысын, Н. Бердяевтың бірқатар мақалалары мен С. Есениннің өлеңдерін аударған. Я. Хужамбердиев қазіргі кезде «Согуний» романын жазуда. 1989 жылдан бері Өзбекстан Жазушылары одағының мүшесі.