Гүлжанат Кенжалиева

Кенжалиева Гүлжанат Абатқызы, педагог-жазушы. Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

Қаламгер 1963 жылы 12 тамызда Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1985 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Бүгінде Қызылорда қаласындағы №7 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің жоғары санатты мұғалімі. «Самал желпіген селеу» атты өлеңдер мен әңгімелер жинағының, әнші-ақындардың шығармашылығы жайлы «Ақын.Сазгер.Әнші» атты әдістемелік және «Сөзжұмбақтар» атты мектеп оқушыларына арналған әдістемелік жинақтарының авторы.

Республикалық «Халық», «Ғибрат», «Нұр», облыстық «Сыр мектебі», «Ақмешіт жастары», «Ақмешіт апталығы», «Ұстаз үні», «Тіл сақшысы» газетінде мақалалары мен әңгімелері жарияланып тұрады. ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Сыр өңірі шығармашылық өкілдерінің арасында өткен байқауда «Журналистика», «Поэзия», «Проза» номинациялары бойынша жүлдегер атанып, үш Дипломмен марапатталды.

«Елім менің»атты энциклопедиялық жинағына еңбектері жарияланды. Облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы ұйымдастырған «Парасат пернесі» атты мұғалім-ақындардың жинағына өлеңдері басылып шықты. Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығына орай өткізілген облыстық шығармашылық конкурсында жеңімпаз атанып, III орын иеленді. Кенжалиева Гүлжанат Абатқызы- 2013 жылы Қызылорда облысы әкімінің білім беру саласы қызметкерлеріне тағайындаған сыйақысының жүлдегері, «Миллионер ұстаз». «Тамыз педагогикалық оқулары-2014» атты арақашықтықта өткен халықаралық конференцияның II дәрежелі Дипломын алды.

«Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталған. 2014 жылы «ZIAT»Ғылыми -әдістемелік орталығында басылып шыққан «Өнегелі ұстаз» энциклопедиясына Г.Кенжалиева жайлы мәлімет енгізілді. 2014,2015 жылы «Облыстық олимпиадалар мен қосымша білім беру орталығының» Алғыс хатымен марапатталды.