Ибрагим Қошқари

Қошқари Ибрагим Пайзоллаұлы, ғалым, аудармашы, жазушы. Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

ҚХР Түркология қоғамының мүшесі, ШҰАР Жазушылар одағының мүшесі. ШҰАР Аудармашылар одағының мүшесі. Қазақстанның үздік Мәдениет қайраткері. Ф.Тэйлор атындағы алтын медальдің иегері. И.П.ҚОШҚАРИ 18.03.1945 ж. ҚХР, ШҰАР Жеменей ауданында туылған. 1966 жылы Шинжяң университетінің филология факультетін бітірген. 1968-1970 жылдары Қытай армиясының 7994 әскери бөлімі студенттер ротасының старшинасы болып қызмет атқарды.

1973-1980 жылдары Шиңжяң халық радио станциясының Қазақ редакциясында аудармашы, редактор, тілші болып жұмыс жасаған. 1980-2003 жылдары ШҰАР тіл-жазу комитетінің ғылыми зерттеу, терминология бөлімдерінде Қазақ тілін зерттеумен шұғылданған, профессор дәрежелі ғылыми атақ алған. 2004 жылы атажұрт Қазақстанға қоныс аударған, 2006 жылдан бері Қазақстан Республикасының азаматы. Ибрагим Пайзолла Қытай қазақтарына танымал ғалым, әдебиетші және қазақ мәдениеті үшін аянбай тер төккен азамат.

Ол қытайда ғылым -мәдентетпен тікелей байланысты міндетті жұмыстарынан сырт, қазақ мәдениеті үшін қыруар істер тындырған. Атап айтсақ: шетелдердің және Қытайдың 60 -тан астам/ кино-телефильмдерін және телесериялдарын қытай тілінен қазақ тіліне аударған (соның ішінде Әлия Молдағұлова туралы «Снайпер» деген кинофильм, «Көктемнің он жеті кезеңі» атты сериялдар да бар). Қытайдағы мәдени революциядан кейін Қазақ тілді радионың қоры ауыр шығынға ұшыраған сары өзек шақта шетелдердің 20 -дан астам атақты әндерін аударып, нотаға түсіріп, орындатып радио-телевизияда жариялатқан. Сонымен бірге, Л.В.Бетховен, Ф.Шопен сияқты ірі композиторлардың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі радио қойылымдарды аударған, музыкалық шолулар жазған.

1980 жылы ШҰАР тіл-жазу комитетінің шақыруы бойынша жұмысын ауыстырғаннан кейін, кәсіпқой лингвист ретінде де өнімді еңбек еткен. Шинжяңдағы баспасөз қызметкерлері әсіресе И. Пайзолланың қазақ тілінің терминологиясын қалыптастырудағы еңбегінің зор болғанын айтады. Атап айтқанда, ол елудің үстінде терминология талқылау мәжілістерін ұйымдастырып, әріптестерімен бірге қазақ тілі терминологиясының жинақтарынан 10 кітап шығарған. Бұдан басқа қазақ тілінің орфография ережесін және орфография сөздігін жасауға және редакциялауға қатысқан, жеке өзі «Қазақ тілінің орфоэпия ережесін» жасаған.

И.Пайзолла Қытайдағы кезінде Бүкілқытайлық Түркология қоғамының, Шыңжаң жазушылар одағының және Шыңжаң аудармашылар одағының мүшесі болды. 1974-1975 жылдары екі жүзден астам қазақ зиялыларының қолын жинап, оны сол кездегі ШҰАР халық құрылтайы тұрақты комитетінің төрағасы Ерғали Әбілхайырұлына қолекі тапсырып, Шинжяң денсаулық баспасының құрамынан Қазақ редакциясын ашуға себепші болған. 1975-1976 жылдары Үрімжі қаласында Қазақ мектебі атымен жоқ болатын. И. Пайзолла қаладағы қазақ оқушылардың ата-аналарын ұйымдастырып, үкіметке талап қойып, №17 Қазақ бастуыш мектебін және соңынан №36 Қазақ орта мектебін құрғызды.

Күні бүгінге дейін аталған мектептер жұмысын жалғастыруда. И.Пайзолла 1984 жылы Қытайда тұңғыш рет «Үрімжі қаласындағы қазақ жастарынан “Ақ қайың ансамблі” атты жеке ансамбль құрып, оның директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды. Содан бастап Шинжяң көлемінде қазақ эстрадасы гүлденді. Қытай қазақтарының “Наурыз” мерекесін тойлауына Мәдени революция тыйым салғаны белгілі. И. Пайзолла 1985 жылы 22 наурыз күні “Ақ қайың” ансамблі атынан шақыру таратып, Үрімжі қаласындағы қазақ зиялыларын, шенеуніктерді және өнер адамдарын шақырып, мерекені дабыралы да салтанатты етіп өткізді. Содан бастау алған Наурыз мерекесі күні бүгінге дейін тойланып келеді.

Ибрагим Пайзолла 2004 жылы сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына жұмысқа қабылданып, Қытай мәдениеті орталығының бас маманы болып қызмет атқарды. 2006 жылдан қазірге дейін еларалық «Көрші» журналы бас редакторының орыбасары( бұл журналдың бүгінгі дейін 75 саны жарық көрді). 2010 жылдан “Қазақтану” атты этнографиялық қоғамдық қордың төрағасы, 2012 жылы тіркелген «Достық көпірі» баспасының директоры міндеттерін қоса атқарып келеді. Бұл баспа қытай әдебиетінің үздік шығармаларын Қазақстан оқырмандарына сонымен бірге Қазақ ақын-жазушыларының таңдаулы шығармаларын қытай, ұйғыр тілдеріне аударып, Қытай оқырмандарына таныстырып, екі елдің мәдени байланыстарын күшейтуді көздейді.

И. Пайзолла міндетті жұмыстарынан сырт, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының, атап айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті және осы университеттегі Кұңзы институты, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университеті және Қызылорда қаласындағы “Қазақ-Қытай академиясының” қытай тілін оқыту іс-қимылдарына белсене араласуда. Атап айтқанда, 2006 жылдан бері жоғарыда аталған оқу орындары базаларында өткізілген қытай тіліне, мәдениетіне қатысты барлық іс-шараларға белсене қатысып келеді.

Екі мәрте ҚазҰУ де және ҚазХҚжӘТУ де қытай мәдениеті жөнінде баяндама жасаған. 6 жыл ұдайы “Шетел студенттерінің қытай тілі көпірі” сынағына әділқазы болған. 2011-2012, 2012-2013 оқу жылдары Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрінің бұйрығымен Қызылорда қаласындағы «Қазақ-Қытай академиясында» екі шетел тілі (ағылшын, қытай тілі мамандықтары бойынша) ұйымдастырылған мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы болып бекітілген.қазақстанда басылған «Ой соқты» деген өлеңдер жинағының, Қытайда басылған «Ғайып» деген әңгімелер жинағының авторы.