Тұрсынбек Кешубайұлы

Тұрсынбек Кешубайұлы, әнші, педагог, гуманитарлық пәндер магистры, жазушы, ақын, журналист. Қазақстандағы Әлем Халықтары Жазушылары Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Қаламгер 1982 жылы 10 тамызда ҚХР Алтай аймағы, Көктоғай ауданында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін 2000 жылы Үрімжідегі Экономика университетіне оқуға түсіп, сол жылы Қазақстанға оралған. 2000-2005 жылдары Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында Жеке ән салу мамандығы бойынша, 2008-2012 жылдары Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында Кино-теледраматургия мамандығы бойынша оқыған.

2013-2015 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде оқып, мәдениеттану гуманитарлық ғылымының магистрі академиялық дәрежесін алған. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Шоннам университетінде тәжірибеден өткен. Қаламгер 2007-2016 жылдар аралығында халықаралық «Алтын бесік» журналында әдеби қызметкер, радио, телевидение мен түрлі басылымдарда қызмет атқарған. Қаламгердің республикалық, халықаралық көптеген басылымдарда көркем әңгімелері мен көкейтесті мақалалары, қазақтың би өнері, кино саласы бойынша зерттеулері, өлең топтамалары сондай-ақ пьесалары жарық көрген. «Тау ұлына таңданба» атты жеке жинақтың авторы.