Боранбай Құдияров

Құдияров Боранбай Оразбайұлы, ақын, аудармашы, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстандағы Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.

Қаламгер 1950 жылы, 7 желтоқсанда қәзіргі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Аязхан Қалыбеков ауыл округіне қарасты Жамбыл ауылында, Оразбай Бекназарұлы мен Ұрхия Сүлейменқызының шаңырағында дүниеге келген. 1967 жылы бұрынғы В.И. Ленин атындағы, қәзіргі "Үлгілі" орта мектебін, 1981 жылы (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің) қәзіргі Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1967-1992 жылдар аралығында Жетісай аудандық "Жетісай" газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болып, үздіксіз еңбек еткен. Сонымен қатар 1989 жылы еларалық "Ақтолғай" әдеби газетін, 1991 жылдан қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік тілдерінде жарық көрген "Наурыз" еларалық әдеби газетін шығаруға жауапты редактор болған.

1992 жылдан бастап елералық "Наурыз" әдеби газетінің бас редакторы әрі меншік иесі болып, оны 2004 жылы "Орта Азия" қоғамдық-саяси, әдеби газет етіп, бүгінге шейін айына екі рет шығарып келеді. "Орта Азия" газеті әр санында "Әлем – ақын-жазушылар көзімен" деген айдармен айқара әдеби бет жариялап отырады. Осы әдеби газет бетінде 1989-2018 жылдар аралығында көркем прозалық шығармаларын қоспағанда, қаламгердің 300-ге жуық өлеңдері жарияланды. Ақынның алғашқы өлеңдері 1964 жылы "Оңтүстік Қазақстан" газетінде, 1967-1972 жылдары "Жетісай", "Мақтаарал" аудандық газеттерінде жарияланған. Қазақстандағы саяси партиялардың ешбіріне мүше емес. 1971 жылдан «Мырзашөл-Мақтаарал-Жетісай аймағы ақын-жазушылар» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, 2007 жылдан бері осы әдеби қоғамдық ұйым төрағасының ұйымдастыру ісі жөніндегі орынбасары. 1991 жылдан "Орталық Азия елдері ақын-жазушылары достық байланыс" қоғамдық бірлестігінің жауапты редакторы.

2010 жылы аймақтық "Жазушы-журналист Жұмагүл Асабаева атындағы сыйлық" төсбелгісімен, 2016 жылы "Ақын Әлібек Мейірбекұлы атындағы әдеби сыйлық" төсбелгісімен, 2015 жылы Халықаралық «Алпамыс» қорының 3-дәрежелі әдеби сыйлығымен, "Алпамыс батыр" төсбелгісімен марапатталған. 2016 жылы аймақтық әдеби ұйым атынан республикалық "Сөз сұңқары" әдеби сыйлығы мен төсбелгісін тағайындаған. «Мырзашөл-Мақтаарал-Жетісай аймағы ақын-жазушылар» аймақтық қоғамдық бірлестігінің 40 астам мүшесі бар. Айтулы Бірлестік жылына 4-5 рет ақындар мүшайрасын, ақын-жазушылардың әдеби -шығармашылық кештерін ұйымдастырып отырады.