Бексұлтан Нұржекеұлы

Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы, публицист, Қазақстандағы Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.

Қаламгер 1941 жылы 22 ақпанда Алматы облысы Жаркент қаласының маңында (бұрынғы Талдықорған облысының Октябрь ауданында) дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, «Көктал» қой совхозында жұмысшы болып істеп, 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. 1965–1969 жылдары аралығында қатардағы мектеп мұғалімінен Панфилов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1969–1972 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінің нұсқаушысына дейінгі жоғары қызметтер атқарған.

1972 жылы «Жалын» альманахы проза бөлімінің меңгерушісі, 1973–1976 жылдары «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі болды. 1976–1979 жылдары «Жалын» баспасы бас редакторының орынбасары, бас редакторы, 1989–1992 жылдары «Парасат» журналының бас редакторы болды.

1992 жылдан бері «Жалын» баспасының директоры. Қаламгердің алғашқы повесі 1968 жылы «Кінәлі махаббат» деген атпен «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Кейіннен «Бір өкініш, бір үміт», «Жау жағадан алғанда» т.б. кітаптары, «Өзендер өрнектеген өлке» атты тарихи-этнографиялық эссесі жарық көрді. Б.Нұржекеұлы «Құрмет» (2000), «Парасат» (2008) ордендерімен және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен (1970) марапатталған. Алматы облысы мен Панфилов ауданының Құрметті азаматы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Қаламгердің «Күй толғақ», 1972; «Күтумен өткен ғұмыр», 1974; «Бір ғана махаббат», 1982; «Өзендер өрнектеген өлке», 1984; «В ожиданий», 1985; «Ерлі-зайыптылар», 1987; «Жау жағадан алғанда», 1993; «Әйел жолы – жіңішке», 1998; «Ой ұшқын», 2003 атты әңгімелер мен повестер жинағы, романдары жарық көрген.