Келтір Шәненов

Шәненов Келтір Мағұрыпұлы, жазушы-шежіреші, өлкетанушы, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

Қаламгер қолы қалт еткен сәттерде ата-бабалар тарихы мен шежіресін зерттеуді, өлке тарихы туралы жәдігерлік деректерді жинақтап, оны жеткіншек ұрпаққа мұра етіп қалдыруды өзіне басты мақсат санайды. 2006-шы жылы «Жеменей Адай, Кедей (Нұрмағанбет) ұрпағы» атты тарихи шежіре кітабы баспадан шықты. Келтір Мағұрыпұлы 2010 жылы «NOBEL» баспасынан шыққан «Бекет Ата» имандылық-тағылым кітабының 4-ші басылымының 4000 данасына қаржылай демеушілік жасаған меценат тұлға.

Қаламгер 1950 жылы қыркүйек айының 20-шы жұлдызында Атырау облысы Жылыой ауданының Ақкиізтоғай селолық округіне қарасты Аратөбе жерінде дүниеге келген. Ол Ақкиізтоғай селосының А. Иманов атындағы орта мектебінің үшінші 1967 жылғы түлегі. 1972 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың политехникалық институтының мұнай факультетін бітіріп тау-кен инженер-геологы мамандығын, ал 1984 жылы Баку қаласындағы Азербайжан мұнай және химия институтының өнеркәсіп өндірісін ұйымдастырушылар факультетін бітіріп өнеркәсіпті ұйымдастырушы мамандығын алды. Еңбек жолы, «Атыраумұнайгаз-геология» өндірістік бірлестігінің Каспий маңы мен Оңтүстік Ембі терең және Биікжал өте терең бұрғылау мұнай барлау экспедицияларында 1972 жылдан геолог, аға геолог, 1985 жылдан геология бөлімінің бастығы болып жалғасты. 1993-95 жылдары ҚР Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 4 қыркүйектегі № 821 арнайы Қаулысымен 32 бұрғылау бригадасымен 21 алаңда мұнай және газ кеніштерін іздестіріп барлайтын «Ақбота» мемлекеттік холдинг компаниясының президенті болып тағайындалды.

1996 жылы жекешелендіру негізінде құрылған «Атыраумұнайгазгеология» АҚ-ның тұңғыш президенті, 1994-99 жылдарда бірінші сайланған Атырау облыстық маслихатының депутаты, 1997жылы «Каспий нефть» АҚ-ын құрып, оның алғашқы президенті болып 2002 жылдың желтоқсан айына дейін жасады. 2003-05 жылдары «Атыраумұнайгазгеология» АҚ-ның геология жөніндегі тете президенті болды. Ол 2006 жылдан бері «Атыраумұнайгазгеология-Бұрғылау» ЖШС-де техникалық директор, ал 2007-10 жылдары осы компанияда Бас директор болып абыроймен қызмет атқарды. 2010 жылдың қыркүйек айынан Айранкөл мұнайгаз кен орнынан мұнай мен газ өндіретін «Каспий нефть» АҚ-да басқарма төрағасының орынбасары, ал 2012- жылдың желтоқсан айынан бастап күні бүгінге дейін Бас директордың орынбасары болып қызмет атқарады. Оған геологиядағы зор еңбегі үшін 2009 жылы ҚР «Жер қойнауының Құрметті барлаушысы» және 2014 жылы ҚР «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері», «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атақтары беріліп, арнаулы төс белгілер және дипломдармен марапатталды.

2009 жылдан «Мұнайшы геологтардың Қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі. 2014 жылдың наурыз айының 18-і күні «Еліміздің мұнай-газ және энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» геологтардың төл мерекесі «Геолог күні» кәсіби мейрамын мерекелеу құрметіне байланысты № 223 санды «KAZENERGY» медалімен марапатталды. 2007-08 жылдары Шәненов Келтірдің тікелей жетекшілік жасауымен «Атыраумұнайгазгеология-Бұрғылау» ЖШС Қазақстандық компаниялардың ішінде ең алғашқысы болып, Каспий теңізінің суы тайыз солттүстік-шығыс қайраңындағы (Комсомол шығанағы) Солтүстік-Шығыс Қаратұран құрылымында ПБУ «Лотос» атты арнаулы жүзу баржасының үстіне орналасқан МБК-125 бұрғылау қондырғысы арқалы R-1 және R-7 мұнай мен газ барлау ұңғыларын 1575 және 1835 метр тереңдіктерге ешбір мүлтіксіз бұрғылап шығып, құрылымның 1100-1270 метр тереңдіктегі юра қабатында мұнай мен газдың бұрқақты әдіспен өндіруге болатын өнеркәсіптік қоры бар екендігін анықтады.