Сәнді Ақылай

Cәнді Ақылай, ақын, сазгер, ұстаз, Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.

Қаламгер 1972 жылы Алматы облысындағы Балхаш ауданына қарасты қасиетті Қараой ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін, жоғары білім алып, ұзақ жылдар ұстаздық жолында жемісті еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол өзіне ақындық пен сазгерлікті өмірлік серігіне айналдырды. Қарапайым ұстаздың қаламынан өрген өлеңдер алғашында аудандық, облыстық газеттерде, кейіннен республикалық “Үш Қоңыр”, “Қазақ Әдебиеті” газеттері мен журналдарда, интернет веб-сайттары мен әлеуметтік желілерде ұдайы жарияланып келеді.

Ақын жүрегінен жарып шыққан мөлдір жырлардың біршамасы құлақ құрышын қандырар әсем әнге де айналды. Әндерінің бергісі – Қазақ елі, арғысы – Қырғыз бен Ресей жерінде орындалып, тыңдармандарының жүрегін тербеп жүр. Қаламгердің “Рух патшалығына саяхат”, “Өлең-ғұмыр” және “Жүрек перзенттері” атты жыр жинақтары жарық көрген. Қазақ поэзиясына өзіндік қосқан үлесі жоғары бағаланып, Халықаралық Жазушылар Одағына, Қазақстан Авторлар қоғамына және Мәскеудегі “Ару дүние” атты поэзия клубына мүше болып қабылданды. Қаламгер сонымен қатар Т.Айбергенов атындағы медальдің иегері.