Қонақбай Саттаров

Қонақбай Қожаниязұлы Саттаров, ақын, журналист, публицист. Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

Қаламгер 1964 жылғы 2 қараша күні туған. 1982-1986 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетінде білім алған. Өлеңдері республикалық баспасөзде жарияланып, 1984 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Аудитория» жинағына енген. 1985 жылы шығармашылық жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты. Ташкенттен шығатын қазақ тіліндегі «Нұрлы жол» республикалық газетінде, «Жас қазақ үні», «Дала мен Қала» газеттерінде қызмет атқарған.

2004 жылдан бері «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да Қоғаммен байланыс басқармасында қызметте. 2009 жылы «Аңсар» өлеңдер жинағы, 2013 жылы «Құмсағат» өлеңдер және ойлар жинағы жарық көрген. "Бейбітшілік әлемі" ХҚТБ Шолохов алтын медалінің иегері.