Сәулетхан Рысбаева

Сәулетхан Рысбаева, жазушы, математика пәнінің оқытушысы, Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.

Қаламгер 1955 жылы 1-ші мамырда ҚХР-дағы Құлжа қаласында дүниеге келген. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің куәгерлері болған ата-бабалары мекен еткен Кеген өңіріне 1959 жылы әке-шешесі қайта оралғанда 4 жаста ғана болған. Балалық шағы Талды тауының етегіндегі Талды ауылында, ес білген кезі Тасбұлақ ауылында, ал бойжеткен шағы Қарқара ауылында өткен. 1967 жылы Тасбұлақ бастауыш мектебін, ал 1973 жылы Қарқара орта мектебін бітірген. Үш жыл ауылда қалып мал шаруашылығында еңбек етіп, 1976 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің математика факультетінің дайындық бөліміне түсіп, 1977 жылы сол факультеттің 1-ші курсына қабылданған.

1982 жылы университетті аяқтап шығып үш жылдай «СМУ-11» құрылыс басқармасында экономист болып қызмет атқарған. 1986 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің физика-математика факультетінде оқытушы болып қызмет атқарып келеді. 2013 жылдан бері зейнеткер. Шығармалары республикалық баспасөз беттері мен интернет веб-сайттарында және әлеуметтік желілерде жиі жарық көріп тұрады. «Мәңгілік сағынышым» атты деректі лирикалық романын Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов жоғары бағалаған. «Арамыздасың, Абдолла», «Мәңгілік сағынышым», «Сағындым, сағым жылдарым», «Жұмақ мекен, талбесігім - Тасбұлақ», «Сағыныш екен сол бір шақ» атты кітаптары жарық көрген.