Нұрқалық Абдырақын

Нұрқалық Абдырақын, ғалым, жазушы, публицист, аудармашы. Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі.

Қаламгер 1976 жылы мамырдың 25 жұлдызында Өртекестің Ақдала деген жерінде дүниеге келген. ҚХР Күйтің қаласындағы Іле педагогикалық институты, ҚХР ШУАР университетінде жоғары білім алды. ҚХР Ухан педагогикалық университетінде қытай тілі мамандығы бойынша Ph докторлық оқыды. 1997 жылдан бері ұстаздық жұмыспен шұғылданып, 2004 жылдан Түркістан қаласындағы Қ.Яссауй атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінде оқытушы болды.

2007 жылдан бері Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде аға оқытушы. Қаламгердің 2010 жылы Ан-арыс баспасынан «Иірім» атты романы жарық көрген, қытай тілінен бірқатар прозалық шығармаларды аударып жүр. Бүгінгі таңда публистикалық мақалалары мен ой толғамдары мерзімді баспасөзде жарық көріп келеді. Сонымен бірге 50 ден астам ғылыми мақаланың авторы. «Қазіргі қытай тілінің грамматикасы», «Жаңа заман қытай әдебиеті», «Қытай мифтері», «Қытайша-қазақша фразеологиялық сөздігі», «Қытай-қазақ-орыс және Қазақ-орыс-қытай экономика және мұнай-газ саласындағы терминдер сөздігі», «Көне қытай әдебиеті» қатарлы оқулықтар мен сөздіктердің авторы.