Әділ Бек ҚАБА

Әділ Бек Қаба, (Әділбек Қабаев) журналист, публицист, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстандағы Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.

Әділбек Күнесханұлы 1963 жылы 14 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданы (қазіргі Райымбек ауданы) Сарыбастау ауылында дүниеге келген. Орта мектепті 1980 жылы тамамдап, бір жыл аталған ауданның Ленин ұжымшарында еңбек жолын бастаған. 1981-1983 жылдары аралығында Әділбек Қабаев Ресейдің Мәскеу, Рязань қалаларында Совет армиясы қатарында болып, бөлімше командирі қызметін атқарған. Осы жылдарда ол Ресейден шығатын «Красная звезда», «Во славу Родины» газеттеріне мақалалар жазып тұрған.

1983 жылы армия қатарынан елге оралған соң әскери бөлімше басшылығының өте жақсы деген мінездемесімен әуелі қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетінің дайындық курсына түсіп, бір жылдан соң 1984 жылы журналистика факультетіне оқуға қабылданады. Студенттік кезінің өзінде ол «Лениншіл жас», Өркен», «Жетісу» газеттеріне мақалалар жариялап, атсалысып тұрған. Сөйтіп ол 1984-1989 жылдар аралығында КазГУ-дің журналистика факультетін тамамдап шықты.

КазГУ-дің журналистика факультетін тамамдап шыққаннан кейін ол университет жолдамасымен жас маман ретінде ЛКСМ Орталық Комитетінің органы болып табылатын «Арай-Заря» журналына қызметке шақырылады. Сол 1989 жылы журналистикадағы өзіндік стилімен және проблемалық мақалаларымен бірден көзге түскен Ә. Қабаев ЛКСМ ОК басшылығының қалау талабымен «Лениншіл жас» газетіне шақартып алынды. Әділ Бек Қаба өзінің «Лениншіл жас» газетіндегі қаламгерлік қызметін Экономика бөлімінің тілшісі болып бастайды. Оның қаламының қарымдылығы мен тілінің шұрайлылығын танытып, халық өміріне қатысты қай тақырыпқа қалам сілтесе де терең зерделеп, әлеуметтік проблеманың тамырын дөп басып, қоғамның назарын аудара алатын шеберлімен тез танылған ол осы басылымда әуелі тілші, аға тілші болса, көп ұзамай экономика, әлеумет,заң бөлімдерінің редакторы қызметін атқарады. Кейін еліміз тәуелсіздігіне ие болып, «Лениншіл жас» газеті енді қоғамдық саяси жарияланым «Жас Алаш» болып аталған кезде Әділ Бек Қаба ұзақ жылдар бойы беделді басылымның жауапты хатшысы, кейін бас редактордың орынбасары қызметін атқарады.

Ол осы кезеңде елдің басына түскен ауыртпалықты батыл көтеріп, қоғамдағы қордаланып қалған небір түйткілді мәселелерге биліктің, құқық қорғау, әділет органдарының назарын аудара білді. Кеңес үкіметі бетін бүркемелеп келген ел тарихындағы ақтаңдақтарға қатысты талай ақиқаттың да бетін ашты. Қаншама адамдардың тағдырына арашашы болып, талай рет әділдік үшін арашашы болуына да тура келді. Бірақ ол шыңғырған шындықты шыжғыра бетке айтатын турашылдығынан тайған жоқ. Оның ел тәуелсіздігін баянды ету жолындағы еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Президентінің «Ел тәуелсіздігін нығайтудағы еңбегі үшін» алғыс хатымен «Астанаға 10-жыл» медалімен марапатталды, өз уақытының озық журналисі ретінде Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың және «Үкілі үміт» республикалық конкурсының лауреаты атанды.

Әділ Бек Күнесханұлы жинақтап, қорытып, ғылыми, әдеби өң беріп басылымда жариялаған аңыз-әпсаналар бүгінде еліміздің мәдени өмірін байыта түсетін ұлттық құндылығының бірі саналады. «Мыңнан бір мезет» деп аталатын арнайы апталық газетті бір өзі талмастан 12 жылға жуық шығаруы, газеттің 130 мың таралымдық сұранысқа ие болуы оның еңбекққорлығы мен тың тақырыпқа түрен салған шебер қаламгерлігінің тағы бір дәлелі. Өзінің қаламгерлік қызметінде ғасырлар бойы ауызекі таралып келген қазақ мифологиясын ыждаһаттылықпен жинап, халыққа қайта ұсынуының нәтижесінде ел ішінен жинақталған бұл дүниелер қазақ мифологиясының 55 томдығына өзек болды. Бұдан бөлек Әділ Бек Қаба ұлтжанды, өз елінің мүддесіне ерекше жанқиярлықпен қызмет ететін патриот әрі отаншыл азамат. Бұған 1986 жылы желтоқсанда, Алматыда, кеңестік режимге қарсы саналы жастардың көтерілісі басталған кезде ел азаттығы үшін күрестің бел ортасында болып, кейін осы қанды қырғынның ішінде болған ұлтжанды азаматтардың бірі ретінде Желтоқсан көтерілісін басып жаншығандарды айыптайтын, жазықсыз жастарды ақтайтын мақалалар жазғаны айғақ.

Бұдан бөлек оның еліміздің мемлекеттік шекараларды нығайту, Бағыс елді мекенін қайтарып алу бағытында да көптеген батыл бастамалары қолдау тапқаны тәуелсіздік тарихының еншісінде. Әділ Бек Қаба тек сөз өнерін терең меңгерген елімізге кеңінен танымал журналист-қаламгер ғана емес, ол бүгінде бүкіл қазақ елінің ақпарат айдынында ең беделді саналатын «Айқын» газетінің (2004-2009 жж) негізін салушылардың бірі. Бұл басылымда бірінші санынан бастап шығаруға жетекшілік етушілердің бірі, яғни, Бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарған ол газеттің ешбір басылымға ұқсамайтын өзіндік жолы бар ақпарат құралына айналуына әріптестерімен қатар үлкен еңбек сіңірді. Әділбек Күнесханұлы Мұхамедхайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдаған. Әділ Бек Қаба 2009 жылдан бастап елорда – Астана қаласына мемлекеттік қызметке (Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Аппаратында Басқарма бастығы ретінде ) шақырылып, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен, өздері желтоқсан көтерілісінде жанқиярлықпен күрескен тәуелсіздікті баянды ету жолындағы игілікті іске белсене араласып келеді. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Аппаратында Басқарма бастығы қызметін (2009-20011 жылдар аралығы) ол абыроймен атқарды, аз уақыт ішінде басқарма жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Сонымен қатар ұлтжанды Ә. Қаба Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігіне қарасты «Тіл және қоғам» журналының бас редакторы қызметін қатар атқарып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты ғалымдар мен тілшілердің ғылыми-талдамалық материалдарын ұйымдастырып тұрды. 

Қаламгер іскерлігімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен көзге түскен Ә.Күнесханұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратына бөлім бастығының орынбасары қызметіне шақырылды. Өзін мұнда да ісіне мығым, табанды, білікті маман, қаламы қарымды қаламгер ретінде танытып, «Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Тәуелсіздікке 20 жыл» мемлекеттік нагадасымен және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасының алғыс хатымен марапатталды. ҚАБА Әділ Бек Күнесханұлы тек қоғамдық пікірдің қормалы, жүздеген ғылыми, публицистикалық мақалалардың авторы, аты мәшһүр журналист ғана емес, бірнеше кітабымен оқырманын қуантқан қаламгер. 

Өмірбаяндық дерек 2013 жылы дайындалған.