Үміт Битенова

Битенова Үміт Қыранқызы, ақын, жазушы, сазгер, әнші, педагог, заңгер, қоғам қайраткері, Әлем Халықтары Жазушылары Одағының мүшесі.

Қаламгер 4.02.1964 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданында туылған. 1971 жылдың қыркүйегінде алғаш табалдырығын аттаған Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін 1981 жылы үздік бағамен тәмамдап, Шымкенттегі Н.К. Крупская атындағы пединститутқа оқуға түседі. 1985 жылы Шымкент педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін және шетел тілдері факультетінің ағылшын тілі бөлімін үздік бітіріп, мұғалім квалификациясын алған. Сондай-ақ, Қаратау технология, білім және бизнес колледжін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған Үміт Битенованың біліктілік дәрежесі - кеңесші-заңгер. 1985-1993 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданының Ильич атындағы және Үшарал орта мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәндерінен сабақ беріп, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген.

1993-2003 жылдары Қаратау қаласындағы мектеп-лицейде оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, психологы болып, кейін мектеп-лицейдің директоры қызметін атқарған. 2003-2005 жылдары Қаратау қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның тәжірибелік психологы болып қызмет істеген Ү.Битенова қазір Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында шығармашылық бөлім жетекшісі.

Жамбыл облысы Талас аудандық Кеңесінің 1990-1995 жылдардағы депутаты. Қазақстан Жазушылар Одағының (2012 ж.) мүшесі, ҚР Журналистер Одағының (2003 ж.) мүшесі, Қазақстан Авторлары қоғамының (2004 ж.) мүшесі, ҚР Театр қайраткерлері Одағының (2010 ж.) мүшесі, ҚР Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссия филиалы Жамбыл облыстық Әйелдер қауымдастығының (1998ж.) мүшесі; «Нұр Отан» партиясы республикалық «Мирас» Қоғамдық кеңесінің Жамбыл облыстық филиалы бойынша (2014 ж.) аймақтық кеңес мүшесі; ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанындағы (2019 ж.) Ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшесі.

ҚР Білім беру ісінің (2000 ж.) үздігі, Қарағандыда (2000 ж.) өткен мұғалімдердің I Республикалық олимпиадасының жеңімпазы, ҚР Мәдениет саласының (2013 ж.) үздігі. Жамбыл облысының (2013 ж.) «Жыл патриоты». Талас ауданының Құрметті (2014 ж.) азаматы. ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Республикалық "Нұр Отан" партиясының Құрмет Грамотысымен, ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облысы Әкімінің Құрмет грамотасымен, Жамбыл облыстық Мәслихатының Құрмет грамотасымен, Жамбыл облысының Құрмет Грамотасымен, т.б.марапатталған.

«ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің, «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалінің, «Талас ауданына 90 жыл» мерекелік медалінің, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің, «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медалінің, Халықаралық Д.А.Қонаев Қорының «Д.Қонаев -105 жыл» медалінің иегері. «Нұр Отан» партиясының (1998ж.) мүшесі. Ақын, жазушы, айтыскер және әнші-сазгер.

Шығармалары «Қазақстан жас ақындарының антологиясы» ( Астана - 2000 ж) және «Жамбыл облысы ақын-жазушыларының шығармалары» (Алматы -1999 ж) жинақтарына, «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының (Mereke baspasy-2014) антологиясына енгізілген. «Ауады да тұрады аңсарым», «Көңіл күнделігі», «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?», «Мендегі іңкәр махаббат» атты жыр кітаптарының, «Мен сүйген жар», «Қай жерден кетті қателік?» атты прозалық кітаптардың, "Балабақшадан басталған" атты мемуарлық кітаптың авторы. Отбасылы. Үш ұлдың анасы.