Әлем халықтары ақын-жазушыларына Үндеу!

Қымбатты әлем ақын-жазушылары!

Бүгін, (27.09.2014 ж.) Сіздерге арнап осы үнпарағымды жариялап отырмын. Өздеріңіз көріп, оқып отырған «Әлем халықтары Жазушылары одағы» қоғамдық бірлестігін заңды түрде ашып, дүниеге әкелуді осыдан төрт жылдай бұрын ойыма алып, осы бір идеяны өмірлік арман-мақсатымның негізіне айналдырған едім. Сол арман-мақсатымның адамзат тарихына өшпес із қалдырып, алтын әріптермен жазылып қалатынына және бүкіл адам баласы өмірін тоқтатқанға дейін жасай беретініне кәміл сендім. Міне сол көңілдегі идея іс жүзіне асып, бүгін алғашқы қадамы сәтті басталып кетті.

Қазақстан Республикасы – бейбітшілік, достық, ынтымақтастық мекені, мұнымен толық мақтануыма болады. Меніңше, әлем-ақын жазушыларының да арман-мақсаттары еларалық ынтымақтастық пен бейбітшілік идеясында ортақ бір арнаға тоғысады. Бүкіл адамзат бүгінге дейін өз тарихы мен білімді, өмірлік тәжірибе мен тәрбиені, әдеп пен сыйластықты, ізгілік пен мейірімді, қарым-қатынас пен сүйіспеншілікті, махаббатты, отансүйгіштік пен бейбітшілікті, болмыс пен сана тәрбиесін, алға қойған арман-мақсаттарын т.б. көптеген адам баласына қатысты құндылықтарды ақын-жазушылардан, ғалым-философтардан, журналистерден, педагогтардан т.б қалам тербеген зиялы жұрттан үйреніп келеді.

Құрметті әріптестер!

Бүкіл адамзат Сіздер мен біздерге қарап бағыт-бағдар алады. Армандарын іске асырады. Тіпті, Отаны мен халқына деген, ата-анасы мен бауырларына деген, сүйген жары мен перзенттеріне деген, достары мен замандастарына, әріптестеріне деген махаббатты, адалдықты, мейірімді, жақсылықты, ізгілікті тіпті іскерлік пен ептілікті, ақылдылық пен тапқырлықты негізінен өздеріңізден үйренеді. ХХІ ғасыр – меніңше, әлем халықтарының бейбіт қатар өмір сүріп, достық пен ауызбіршілікте, өзара ынтымақтастықта болатын ғасыры. Олай болса, зиялы қаламгер, осы ұлы көшті біз бастайық! Біздің әрбіріміз бойымыздағы дарынымызбен, даралығымызбен, қабілетімізбен, қасиетті қалам құдіретімен туған өлкеміз бен елімізге, халқымыз бен мемлекетімізге сүбелі туындыларымызбен танымал болып, өшпес із қалдыра аламыз.

Бүгінгі жаңа технологиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен бірнеше алыс-жақын елдерге де есіміміз жетіп жатады. Алайда, адам атаулыға қатысты жазған еңбектерімізді әлемнің түкпір-түкпіріне кеңінен насихаттау қиынның қиыны. «Әлем халықтары Жазушылары одағы» қоғамдық бірлестігінің алға қойған арман-мақсаты – осы қиындықтарды аз да болса жеңілдету. Осы қиындықтармен күресіп, ақын-жазушының әуезді үнін неғұрлым ауқымды түрде бұқара халықтың көкейіне жеткізуге себепші болу. Бұл орайда айтылар сөз де, оралымды әңгіме де, ақылдасар мәселелер де өте ауқымды. Әлем халықтарының қаламгерлері! Сіздерге айтарым – ортақ арман-мақсаттарда тоғысайық, әлем әдебиетінің жан-жақты танылып, өркендеуі жолында бірлесейік, Күн өткен сайын адамзат бойынан жоғалып бара жатқан адами құндылықтарды бірлесе насихаттайық, достық пен бейбітшіліктің көпірі болайық.

Барлықтарыңызды Әлем тарихының төрінен жаңадан орын алып үлгерген Әлем халықтары Жазушылары одағына мүшелікке шақырамын!

Құрметпен Қайрат ДҮЙСЕН-ПАРМАН, ақын-сазгер,

Әлем халықтары Жазушылары одағының президенті.

+7 702 981 82 14;

+7 707 981 82 14.

Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра..