Рухы асқақ Дина апа!

 Сайдың тасындай он ұл тауып, соның төртеуін аман-есен тәрбиелеп өсіріп, олардың жоғары білім алып, өмірдің тетігіне кірпіш болып қалануына бар күші мен қуатын, ақылы мен мейірімін сарқа жұмсаған Дина Рахметқызын білмес бұрын, оның ұлы Әл-Халел Қарпықпен академик Әбен Нұрманов басқаратын «Бейбітшілік әлемі» ХҚТБ-нде танысқан болатынмын. Білдей БҰҰ ұйымының Қазақстандағы кеңесшісі Әбен Алдабергенұлы «ұстазым» деп құрмет тұтып жүретін Әл-Халел мырзамен сол кездесуден кейін қатты сыйласып, жақын досымдай араласып кеттік.

Әңгіме реті келгенде жөн сұрасып, үйінде асыл анасының бар екендігін білдім. Содан кейін, қандай тірлікті бастамайын, Әл-Халел досыма «Дина апаға айтшы, ақ батасын берсін!» деп өтініп жүрдім. Ащы да болса шындықты айтайын, қаражаттан қысыла қалсам, Әл-Халелге «Дина, апаға айтшы, азын-аулақ пенсиясынан қарыз бере тұрсын!» дейтінмін. Әлем халықтары жазушылары одағын ашарда да сүйегі асыл анамыздың ақ тілегін алған едік. Жасы тоқсанның бесіне қарағанша ақ батасы мен қолынан келген бар көмегін аямаған аяулы Дина анамызды дүниеден озды дегенді естігенде қатты қайғырдым.

Ондай асыл адамнан айырылу кімге де болса оңай тимес еді. Мен ғой, бар болғаны Дина апаның ұлы Әл-Халелдің досы ғанамын. Солай бола тұра бұл қайғылы қаза жаныма ауыр тиді. Ал оның балалары Әл-Халел, Хайдар, Асқар, Амангелділерге қалай әсер еткенін елестетудің өзі қиын. Халқымыз «үлкендікі той ғой» деп жатса да қазаның аты қаза. «Тас түскен жеріне ауыр» соғары хақ. Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі әрі Еуропа және Америка әдебиеті жөніндегі бас кеңесшісі, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілі, Ресей Федерациясы «Алтын қауырсынының» (Золотой перо) иегері, БҰҰ-ның «Қоғам алдындағы еңбегі үшін» алтын медалінің лауреаты және «Бейбітшілік миссиясының елшісі» атағының иегері, академик, филология және саясаттану профессоры, жазушы, публицист Әл-Халел Қарпыққа Анасы Дина Рахметқызының қазасына байланысты ӘХЖО бірлестігі ұжымының атынан қайғырып көңіл айтамыз.

 

Дина апа жайлы бірер сөз

 

Дина апа жайлы бірер сөз Дина апа бар болғаны 4 жасынан бастап сауатын ашып, кітап оқуды үйренеді. Оның үстіне бала жастан домбыраны серік етіп, уақыт өте келе барлық дерлік музыка аспаптарында ойнай білді. Бойына біткен дарынымен жастайынан жезтаңдай әнші атанып, Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивальдарының лауреаты атанды. Орта мектепті тәмамдаған жылдарында Дина Рахметқызын Павлодар облысындағы туып өскен ауылы Жертұмсыққа Мәскеу мемлекеттік консерваториясының оқытушылары арнайы іздеп келіп, оқуға алып кетпекші болады. Дина апа сол кезде көзінен жарақат алған әкесі Рахметті қимай алдына іздеп келген бақтан бас тартқан. 

Дина апа жасы сексеннен асса да қолындағы бар өнерді кәсіби деңгейде ұстап, 2006 жылы Республикалық «Әуелетіп ән салса сырнайменен» байқауының Бас жүлдесін жеңіп алды. Өмірін бала тәрбиелеу мен өнегелі өнерге арнаған асыл ана 2008 жылы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Әлемнің мейірімді адамы» алтын медалімен марапатталды.

Бала кезінен кітап оқуды бойына серік еткен Дина апа Алматы қаласындағы А. П. Чехов атындағы кітапхананың кітап қорындағы барлық кітаптарды оқып шыққаны үшін 4 рет «Ең үздік оқырман» атағына ие болды. Қарап отырсақ, Дина апамыз марқұм шамамен 90 жыл бойы кітап оқыған екен. Бір көзі көрмей екінші көзі нашар көретін болғанда да лупамен оқуын жалғастыра білген аяулы ананың бұл қабілеті Гиннестің рекордтар кітабына еңгізуге лайықты дер едік. Ал, оның аккордеонмен өз сүйемелдеуінде шырқаған әндерін Қазақ телевидениесі мен радиосының «Алтын қорына» енгізуге лайықты дейді Алтынбек Қоразбаев, Нұрлан Өнербаев сынды көптеген өнер қайраткерлері.

Не дейміз, бала тәриелеуде де, өнер саласында да ерен еңбек сіңірген Дина ананың асқақ рухы жаннаттың төрінде шалқысын!

Әлем халықтары жазушылары одағы ұжымының атынан, бірлестік президенті Қайрат Дүйсен.