Абылай ханның жорық жыршысы Тәтіқара

Ақылбек Шаяхмет, Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі

Сарыкөл ауданында туып-өскен уақ Тәтіқара ақын (1705–1780) Абылай ханның жорық жыршысы болғаны белгілі. Тәтіқара Сатай деген кісінің баласы екен. Сатай да атақты батыр болған. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, оның атамекені Қостанай облысының Ұзынкөл ауданына қарайды. Шежіреде Сатайдың әкесі Тоғайбай деген кісі деп көрсетілген. Оның тұрған жері сол Ұзынкөл ауданындағы бұрынғы Суворов кеңшары маңайы.

Жәлел Сұлтанғазыұлының шежіресіне сүйенсек, Уақтан қара қасқа атты Қамбар батыр туады.

«Арқада бір өзенді дер Обаған, сол жерді батыр Баян қоңыс қылған» деген Мағжан ақынның сөзіне қарағанда, атақты Батыр Баян да уақ руынан. Яғни, Тәтіқараның тегі де осал емес, жаужүрек, жаудан қаймықпаған, жүрегі шайлықпаған текті тұқым.

Қостанай өңіріндегі дәстүрлі ақындық өз бастауын ауыз әдебиетінен алып, жыраулар поэзиясын жалғастырып отырғаны жорық жыршысы Тәтіқара (XVIІІ ғасыр) шығармаларын айқын көрінеді. М. Мағауин және М. Байділдаевтың құрастыруымен жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» антологиясында Тәтіқара туралы деректер бар. Мұхтар Мағауин «Ғасырлар бедері» атты кітабында XVIII ғасырда жасаған қазақ ақындарының ең мәшһүрінің бірі Тәтіқара ақын шығармашылығына жан-жақты тоқталады. М.Мағауин:«Импровизатор ақын туғызған жырлардың дені сақталмаған. Бұл жалғыз Тәтіқараның емес, қазақтың өткендегі талай талантты ақынының трагедиясы», – деп атап көрсеткен. Мұхтар Мағауин «Қобыз сарыны» кітабында Тәтіқара уақ ішінде қалмақ тайпасына жатады деп көрсеткен. (орыс тілінде «Кобыз и копье». Алматы: «Жазушы», 1970 г.) Жазушы Ілияс Есенберлин ақын шығармаларын «Көшпенділер» трилогиясында пайдаланған.

Тәтіқара — Абылай ханның тұстасы болғандықтан жауынгер сарбаз ретінде қалмақтара қарсы жорықтарға да қатысып, сол жорықтарды жырға қосқан. Оның бір өлеңін кезінде орыс тіліне аударған Шоқан Уәлиханов Тәтіқараның ірі ақын болғанын айтып, ақын Абылай ханның ғана емес, ол басқарған сарбаздардың жыршысы екенін ескертеді және Абылай қолының жаудан беті қайтқан бір шағында айтылған өлеңнің мазмұнын баяндайды. (Ш.Уәлиханов. 5 т. шығ. жинағы.1-ші том. А.,1961). Ақын-жыршылар шығармашылығын терең зерттеген ғалым Есмағамбет Ысмайылов Бұхар жырау мен Тәтіқара ақынды Абылайдың қалмаққа қарсы күресін шыншылдықпен жырлаған ақындар деп атап көрсетеді. (Е.Ысмайылов. Ақындар. А., 1956.) Академик Әлкей Марғұлан Тәтіқара жырау ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында жасаған қазақтың ірі ақыны, жыршы- импровизатор екенін атап айтып: «оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері ғана емес, жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады» - деген анықтама берген. Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова Қостанай өңірінде тұратын кісілердің аузынан Тәтіқара ақын жырларын жазып алған. Кезінде «Үш ғасыр жырлайды» (кейін «Бес ғасыр жырлайды») антологиясына енген осы жырлар.

Абылай қолы тығырыққа тіреліп, алдан жау, арттан су қысқан сәтте Тәтіқараның суырып салып айтқан жыры сарбаздардың рухын көтереді:

«Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы болат найза,

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда.

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Деріпсәлі, Маңдайды айт Қыпшақтағы,

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын,

Сары менен Баянды айт Уақтағы.

Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт,

Жігіттік, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт.

Найзасының ұшына жау мінгізген

Еменәлі Керейде ер Жабайды айт»,-

дегенде, аты аталған батырлар тәуекелге бел буып, өзенге қойып кетеді. Жырда есімдері аталған Жәнібек, Маңдай, Деріпсәлі Қостанай-Торғай өңірінен шыққан әйгілі батырлар. Ақынның «Кеше тоқыраулы судың бойынан…», «Кебеже қарын, кең құрсақ…» деп басталатын жырлары да тосыннан туған. Ақын ханды жырлап қана қоймайды, кемшілігін де бетіне басады, оның жанындағы қазақ батырларының ерлігін жырлайды:

«Жау жағадан алғанда,

Ит етектен шалғанда,

Ұрыстан ерлер ығысты.

Абылай да жылысты...

Береке қалмас қашқанда,

Ақыл келмес сасқанда,

Баяндай ерді көрмедім,

Бұрылып жауды шанышқанда...» –

деп ағынан жарылады. Шамданып, шамырқанған сәттерінде ханның көңіліне келер деп қаймықпай, аузына түскен жігерлі сөздерді де батылы жетіп айтады:

«Үш жүздің баласы

Ақылдасып, қолдасып,

Хан көтеріп еді.

Үш жүздің баласын

Бір ұлындай көрмеді.

Ат құйрығын күзеңдер,

Аллалап атқа мініңдер,

Ханталау қылып алыңдар!»

Хан ордасынан кеткен соң Тәтіқара қартайып, шау тартқан шағында көңілін сұрай келген ауыл ақсақалдары мен билеріне:

«Ассалаумағалуйкум, жайсаңдар мен қасқалар,

Адам көңілін жоқтық шіркін пәс қылар.

Түзде шешен, батырмын,

Үйге келсем пақырмын,

Қатын ауру, бала жас,

Тары түйіп жатырмын.

Би мырзаны көп көрдім,

Шіренбей-ақ аттан түс,

Айран-шалап болса да,

Ойнап-күліп бөліп іш!» –

деп пәтуалы сөз айтады. Тәтіқараның біздерге жеткен аз сөзінің өзі алтын. Оның қайтпас, қайсар міңезі ұрпаққа үлгі-өнеге.

Алған беттен айнытпаған,

Жүрегі еш шайлықпаған,

Тар өткелден өтер шақта,

Ханыңнан да қаймықпаған,

Жауға қарсы шүйліккенде,

Су орнына қанды ұрттаған,

Келгендей-ақ ақырзаман,

Қас дұшпаны қалтыраған,

Тәтіқара – батыр бабам.

Аңыз да көп бізге жеткен,

Бірі келіп, бірі кеткен,

Елім деген ерлерімнің

Жүрегіне үңілмеп пе ең?!

Батыр Баян, Ер Жәнібек,

Жаудың шебін тіліп өткен,

Алмас қылыш – сөздеріңді

Кем көрмепті ел құдіреттен.

Көп мекеннің аты жаңа,

Өзгермеген заты ғана.

Өткен күннен белгі бар ма?

Түйін жаса, бақыла да!

Кейіпкері күнде өзгерген,

Өмір, шіркін, сахына ма?!

Көз алдымда ту көтерген,

Батыр ақын Тәтіқара.

Ия, Тәтіқара есімі ел-жұрттың есінде, мақсаты – ел тілегінде, арман-үміті – халық жүрегінде.