Белорус жазушысы Светлана Алексиевич 2015 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты атанды

8 қазан күні Стокгольмде Нобель сыйлығының әдебиет саласы бойынша 2015 жылғы лауреаты анықталды. Ол «Цинковые мальчики», «У войны не женское лицо» атты әйгілі публицистикалық романдардың авторы Светлана Алексиевич. Нобель комитеті қаламгердің бүгінгі таңдағы қоғамымыздағы ерлік пен қасіретті шебер бейнелейтін полифониялық шығармаларын жоғары бағалаған. Биылғы жылғы авторға берілетін Нобель сыйлығы 8 миллион швед кронын немесе 953 мың АҚШ долларын құрайды.

Лауреаттарға сыйлықты тапсыру салтанаты әдеттегідей 10 желтоқсанда – Альфред Нобельдің дүниеден өткен күнінде өтеді. Нобель сыйлығының жаңа лауреаты Светлана Алексиевич әлемге әйгілі Белорус жазушысы. Ол шығармаларын орыс тілінде жазады. Негізгі тақырыбы – Чернобыль қасіреті мен Ұлы Отан соғысы. Жазушы Нобель сыйлығын алатынын естігеннен кейін «Свенска дагбладет» деген швед газетінің журналистеріне телефон арқылы былай дейді:

«Енді, мен Нобель сыйлығының лауреаты атанғаннан кейін, менің сөзім өзгеше мәнге ие болады. Биліктегілердің оңай құтылып кетпей, сөзіме құлақ асуына тура келеді. Мен енді Иван Бунин, Александр Солженицын, Борис Пастернактармен теңестім. Бұл бір жағынан мені қуантса, екінші жағынан мұңайтады. Өйткені, бұл марапат менің өзіммен мәңгі қалады, демек, еңбек етуім күрделене түседі».

Qamshy.kz сайтынан білуімізше, қазіргі уақытта Нобел сыйлығының бес номинация бойынша иегерлері анықталған. Олар: физика саласы бойынша салмағы жоқ нейтрино бөлшегінің өзгеру процесін ойлап тапқан жапондық Такааки Кадзита мен канадалық Артур Макдональд, химия саласы бойынша ДНК жасушаларының қалпына келтірілуін таратып, түсіндіріп берген үш бірдей ғалым – шведтік Томас Линдал, американдық Пол Модрич және түркиялық Азиз Санкар, физиология және медицина саласы бойынша паразиттермен күрес жүргізген ирландық Уильям Кэмпбелл, жапондық Сатоши Омура және қытайлық Юю Ту.

Материал қазақ тіліне http://dni24.com сайтынан алынып аударылды.