Қазақтың қарапайым бір баласы

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі

(Естелік) ...

Жер шарының барша құрылығында ізі қалған, көне Қазақ елі мен жері, халқы хақында перзенттік мақтанышпен, құштарлықпен сыр шерткен шарапатты сөзі қалған Әнуар Әлімжановтың бүгінгі біздің, ертеңгі толқын-толқын ұрпақтарымыздың алдындағы азаматтық аса бір айтулы әрекеті – жазушы-сыншы-ғалымсымақтардың жалақор, пәлеқор тобынан екі жыл бойы «феодалшыл», «буржуазияшыл», «кертартпа» дегендей былапыт сөзді бейкінә көп естіген Ұстазы Мұхтар Омарханұлы Әуезовті әйгілі «үш әріптің» - КГБ-ның құрулы қақпанына түсіп қалудан сақтап, Мәскеудегі достарына жасырын аттандырып жіберген жанкештілігі! Соның өзі-ақ қазағының аузында аты ардақталып қалуға тиістігінің бір айғағы дер едім.

Алайда, әуелі басқалардан, содан кейін айтпасына қоймай қолқалап өзінен естіген сол оқиғаны қазірде әлдекімдердің жоққа шығарғысы бар. «Әлімжановтың өйте алуы мүмкін емес!» деседі. Солардың бәріне жауап - Мұхаңмен тонның ішкі бауындай болған жазушы-драматург Әлжекеңнің - Әлжаппар Әбішевтің «Шерлі шежіре» кітабындағы мына бір ауыз сөз: «...Ол (Мұхтар Әуезов, - Ғ. Қ.) іштегі шерін осылай ақтарып болғаннан кейін барып аздап жадырап, дауысы да жайдары шықты: -Мен үшін басын балтаның астына тосқан Әнуардің азаматтығына өлсем топырағым разы! -Ол не істеді? -Егер ол қашып кетудің алуан түрлі айласын таппаса, мен қазір Мәскеудің мынандай төрінде емес, Алматыдағы түрмелердің біреуінің түбінде отыруым мүмкін еді». Ұлтының ұлы ақыны хақында ұлағатты эпопея жазып, әлем әдебиетінде кездеспеген үрдісті бастаған академик жазушымыз, Сталиндік силықтың лауреаты Мұхаңды бетпақтана қуғындап, Ғылым академиямыздағы, Мемлекеттік университетіміздегі қызметтерінен шығарып тастаған қазекемдерге не дауа!

Мұхаңды мұқатудың ең сорақысы да соңғысы республика Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының қазақ эпостары жайында бірлесіп өткізген конференциясы болды (1953-жылы, көкек айының 11-15-күндері). Конференцияны Академияның президенті Дінмұхаммед Қонаев ашып, жазушы Мәлік Ғабдуллин, ғалым Мұсатай Ақынжанов баяндама жасады. Мұхаң бес күн бойы нысанаға алынып, оған «буржуазияшыл, феодалшыл, ұлтшыл» деген қара таңба басылды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылаудағы Мұхтар Әуезовті тұтқындау туралы құпия шешім жасағаны сол конференциядан кейін. Шешім болғанын сонда (КГБ жүйесінде) қызмет істеуші Абдолла Қылышбаев (Әнуардың ағасы, бірақ нағашы атасы бауырына салып, сол кісінің атына жазылған) хабарлады да, Мұхаңның жағдайын бажайлап жүрген Әнуар тобы құтқару жоспарларын іске асыруға дереу кірісті.

Оларда үш жоспар бар еді: біріншісі – Мұхаңды Тастақта әзірленген үйге жасыру; екіншісі – не Қырғызстандағы, не Өзбекстандағы достарына жеткізу; үшіншісі, Әнуардің ұсынысы – Мәскеудегі досы Александр Фадеевке аттандыру. «Қазіргі жағдайда Фадеевтен басқа ешкім қорғай алмайды!» деді Әнуар. Ақырында соған пәтуаласты да, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қалибек Қуанышбаевтың атына авиабелет алып, Мәскеуге түнделетіп аттандырып жіберді. Қалекеңнің депутаттық құжатын оның інісіндей болып кеткен Абдолла әкеліп берсе, белет алуға және ұшаққа отырғызып жіберуге Әнуар тобындағы бір орыс студенттің авиавокзалда қызмет істейтін апайы көмектескен. (Мұхаңның қара құрықтан қалай құтқарылғаны «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай...» деп аталған деректі әңгімемде айтылған.) ...

Иә, Александр Фадеев қорғап қалған Мұхтар Әуезов елге 1954-жылдың жазында, партия-үкімет басшылығы өзгерген соң, қайтып оралды. ...Кезінде Мұхтар Әуезов: «Егер 1-Петр Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов – Азияға шалқасынан ашты!» деген екен. Шәкіртінің бүкіл Африканы аралап, олардың азаттық үшін күрес жүргізген, жеңіске жеткен жауынгерлері сапындағы жас ақын-жазушылармен танысып, тіл табысып, достасып, ұлттық әдеби ұйымдарының құрылуына жәрдем жасағанын көрсе, өзінің арман-өсиетін орындап, 1973-жылғы қыркүйекте Алматыда Азия және Африка жазушыларының V-конференциясын өткізіп, Африканың оянуынан өз елінің кеңестік империяның шідерінен құтылғанына куә болғысы келгенін көрсе, онда Мұхаңның: «...Әнуар Әлімжанов – Азия мен Африкаға шалқасынан ашты!» дері сөзсіз еді-ау!..

Қаламдас достары: - Әлем картасынан Әнуар болған елді іздегеннен гөрі ол болмаған елді іздеу оңай, - деп әзілдегендеріндей, дүние жүзінің алпыс шақты елін аралаған Әнекең мақала, хикая, романдарын пойызда, ұшақта, кемеде, тіпті автокөлікте отырып та жаза берген тәрізді. Ол қалам тартып үлгірмеген тақырып, мән-мәнісін ашып бермеген мәселе жоқ дерсің. Үлкен-кіші қаламдастарының қалайда алдында жүріп, әлде өмірге құштарлығынан ба, әлде халық, қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше сергек, тез сезінуінен бе, әлде одақтық «Литературная газета», «Правда» гәзеттерінің Қазақстандағы, Орта Азиядағы меншікті тілшісі қызметін пайдалана білуі ме, әйтеуір, заманының небір аса қажет, күрделі жәйттерін о жақ пен бұ жақтағылардан бұрын және батыл жазды. 1950 - 60-жылдардағы мақала, очерк, репортаждарын шолсаң: мектеп бітіруші қазақ жастарын әке-шешесінше мал соңына салып қоюды көздеген сонау одақтық саяси астарлы «Кәмелеттік аттестатпен –мал фермаларына!» дегендей үндеу-ұрандарды құптамай, жеткіншектеріміздің өздері таңдаған жоғары оқу орындарына баруы, халық шаруашылығының барша саласында еңбек етуі ертеңгі күннің талабы екенін алғаш айтқан - Әнекең!

Мәскеудің жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттерінің Аймұқан Таужанов, Болатхан Тайжанов, Мұрат Әуезов ұйымдастырған «Жас тұлпар» бірлестігі Алматыдағы әсіресаясатшылдардан қуғын көргенде ұлт мүддесін көздеген ойлы жастарды бірінші болып қорғаған - Әнекең! «Қазақ әдебиеті» гәзетіне: «Мұстафа Шоқаев!.. Ол кім?» деген қосбеттік мақала шығарып (М. Шоқаев саяси ақталмай тұрған кезде!), Саясаткер, Азамат, Батыр Мұсекең жайында жан-жақты ашып айтып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің алдына оны ақтау туралы батыл талап қойғаны – және бір ерлігі!.. Әнуардің мұрағатжайындағы мақалалар, жазба, аударма және хаттармен танысу барысында мен өмірде өте қарапайым болған қаламдас ағаның адами қадір-қасиетін, қаламгерлік күш-қуатын тани түстім. Әсерімді қысқаша айтсам: біріншіден, Әнекеңнің халықаралық деңгейде танымал болғанын аса жылы лебізбен әңгімелеген хаттарға сүйіндім (рас, кереғарлықсыз өмір болған ба, өзімізден, Ресейден әлдекімдер Әнекеңе: «Сен ұлтшылсың! 1986-жылғы желтоқсан оқиғасы үшін басшыларды кінәләдің, жан керек болса, басқа жаққа кет!» деп жауыға, қорқыта хат жіберіпті); екіншіден, Қорқыт ата мен әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Махамбает, Жамбыл, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіп Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевты орыс оқырмандарына кең таныстыра танымды мақалалар жазған; үшіншіден, Әнекең 1989-жылғы шілдеде Семей қаласында өткізілген халықаралық конференцияда және 1990-жылы Ұлы Британияның Қауымдар палатасында әдетінше жалындап сөйлеп (КСРО, жалпы соцлагерь аумағында ол палатада сөйлеген бір ғана адам – Әнуар!), Семей полигонын жабуды және дүние жүзінде атом-ядролық қару жасауды, сынауды тоқтатуды талап еткен; төртіншіден, Сәкен Сейфуллиннің екі әңгімесін, бір хикаясын және Бейімбет Майлиннің «Шұғасынан» орыс тіліне үзінді аударған; бесіншіден, Қазақстанына, қазағына күйе жаққандарға дереу қарсы тұрып, «Литературная газета» мен «Комсомольская правда» гәзеті бетінде жауап берген; алтыншыдан, қазақ әдебиетінің жас таланттарын, арқалы ақындарын КСРО-дағы және шет елдердегі қаламдастарына танытуға күш салған (мәселен, Мұқағали Мақатаевтың 55 өлеңі мен 3 дастанын орыс тіліне аудартып, өзі алғысөз жазып, «Зов души» деп атап шығартқан); жетіншіден, өзіміз атын атаудан жасқанып жүрген жылдары «зарзаман» жырауларының және беріректегі «ұлтшыл, кертартпа» ақындарымыздың біраз өлеңдерін орысшалатып (құрастыруды Мұхтар Мағауинге тапсырып), Ленинград баспасынан «Поэты Казахстана» деген атпен жинақ етіп шығарудың жолын тапқан; сегізіншіден, жаратылысындағы қарапайымдылығын сақтай біліпті.

Алайда осы орайда менің түсінгім, құптағым келмеген бір жәйт те ұшырасты. Англияның Кембридж Халықаралық өмірбаян орталығы «Әлемде қайда, кімдер бар» жылнамасына қажет сауалнаманы толтырып қайтаруын өтініп, айтулы тұлға Әнекеңе - Қазақстанның Комсомол және Мемлекеттік силықтарының, Джавахарлар Неру, Агостьино Нето атындағы және «Лотос» журналы силықтарының иегері Әнуар Әлімжановқа - хат-бланкілерін жіберген екен, ал олар толтырылмаған қалпында мұрағатжайдағы қағаздарының арасында жатыр. «Қайран Әнеке-ай, қарапайымдылықтың да жөні бар емес пе еді?! Халықаралық ол жылнамаға Сіздің енгеніңіз ең алдымен Қазақстаныңызға, қазақ халқыңызға қажет еді ғой?!» деп еріксіз налыдым... Әнуардің Совет Одағында, халықаралық деңгейде беделді қазақ болғанын білеміз. Оның қаламгерлігіне, адамгершілігіне тәнті болған замандастары жазбаша шерткен сыр қанша ма?!. Мен Әнуармен жиырма жыл бойы інісіндей пікірлесіп, сырласып жүрдім, оның он жылында «Қазақ әдебиеті» гәзеті редакциясында және Жазушылар одағы аппаратында қызметтес болдық. ...Соңғы жылдары баспасөзде: - Ә. Әлімжанов 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін түсінбеді, «Литературная газетада» жарияланған «Что произошло в Алма-Ате» мақаласында жастарымызды кінәлады, - дегендей ұшқары пікір айтылып жүр.

Ол – Әнекеңнің өзінен биіктеп кеткеніне күйінген біреулердің өсек-аяңы. Ә. Әлімжанов - жастардың көтерілуіне, жазықсыз жазалау, қан төгу болғанына Мәскеу мен Алматы партократтарының тікелей кінәлі екенін бірінші болып батыл жазған Азаматымыз! «Литгазетадағы» мақаласында ол былай деді: «...К толпе примкнули хулиганы, пьяницы и другие антиобщественные лица. Разгулявшиеся дебоширы, вооружившись металлическими стержнями, палками, камнями, избивали и оскорбляли граждан, орпрокидывали и поджигали автомобили, разбивали стекла в магазинах, общежитиях и других общественных зданиях...». «К толпе примкнули» деп атағандары студент жастар еместігін, оларға арандатушылық пиғылмен қосыла жөнелген оңбағандар екенін ашынып айтқан ғой?! Сол күндері неше түрлі тәртіпсіздік, сұмдық жасағандар - сол оңбағандар! Қай елде, қашан болсын билік атаулыға наразылықпен көшеге шыққан ереуілшілердің, көтерілісшілердің тобына албаты пәле-жала іздегіш бұзықтарды биліктің өзі әдейі қосып жіберетіні жазылмаған заңға айналғаны белгілі. Сондай-ақ, Әнуардің 1986-жылғы Желтоқсан оқиғасы хақында «Комсомольская правда» гәзетінде жариялаған мақаласы бар. Онда мынадай түйін жасаған еді: «...Это страшнее, чем грандиозное стихийное бедствие... во время стихийных бедствий люди проявляют лучшие человеческие качества, свое единство. А декабрьские события вселили в нас тревогу, отчужденность, показали, насколько зачерствели, заплесневели наши души. Зараза приспособленчества и потребительства, протекционизма и родофильства очень живуча. Она порождает клановость, вождизм... В морально-нравственном падении высших кругов нашего республиканского руководства, в коррупции и трайбализме, землячестве и взятничестве, охватившим высшие сферы нашего общества, нашей АН и центральных алматинских вузов и приведших к трагическим событиям, виновна не молодежь... В этом отчасти виновны и мы с вами, но больше все те же чиновники, сидевшие на хломе власти». Бұл шыншылдық тұжырым ол кездегі билікке қадалған найза болды!..

Әнуар қай елге қашан барса да, оның тарихымен, әдебиетімен, өнерімен, қаламгерлерімен танысуды және оларға Қазақстанын, қазағын танытуды мақсат еткенін мақалаларын, кітаптарын оқығандар жақсы біледі. Шет жұртқа сол тілдерге аударылған кітаптарымен ғана емес, осы бір дәнекерлік қызметімен де танылғаны анық. Иә, ат басын тіреген елде қазаққа қатысты бір игі істі көрсе, соған балаша қуанып, оны бізге жеткізуге асығатын еді. 1967-жылы болар, шет елдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарді Пәкстанның көрнекті суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратына, сурет галереясына алып барыпты. Онда қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл - Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар», деп жауап қайырыпты. Әнуардің сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы!.. Ол сол суретті көкірек көзіне көшіріп алып, елге оралысымен қылқалам шеберіміз Ыбыраев Бекке айтып отырып салдырып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасатты! Ғұламаның ғылыми мұрасын іздестіруші, зерттеуші Ақжан Машанов ағамызбен қанаттасып, әл-Фараби еңбектерінің өзімізге оралуына көп күш жұмсады. «Ұстаздың оралуы» атты роман жазды. Бұл тарихи романы - әрқашанғысынша мұқият зерттеуінің нәтижесі. Оны «Великий Мухаммед из Отрара» мақаласы анық аңғартады.

...Тағдырдың құқайын көп көрген қазақтың отбасында, Жетісудың Талдықорған өңіріндегі Қарлығаш ауылында, 1930-жылы 12-мамырда дүниеге келіп, өсіп-жетіліп, қанаттанып ұшып, алыс-жақын, арғы-бергі жұртқа қазақ атты көне халықтың барын, оның әдебиеті де, өнері де, ғылымы да көне, тарихы тұнған тағлым екенін перзенттік ұлы сезіммен жеткізіп айта білген, өкшесін басқан іні-қарындастарына сөзімен де, шығармаларымен де үлгі-өнеге болған Әнекеңнің мемлекет, қоғам қайраткері ретінде атқарған және бір тарихи ісі—1991-жылғы желтоқсанның 26-сында КСРО-ның ыдырағаны жөніндегі қаулыға қол қойғаны. Сол жылдың күзінде КСРО халық депутаттарының бірінші құрылтайы шақырылды ғой. Сонда КСРО бойынша бүкілодақтық дәрежедегі 8 (!) комитет Әнуар Әлімжановты Жоғарғы Кеңес басшылығына ұсынды. Басқа бірде-бір депутатқа ондай сенім көрсетілген жоқ. Әнекең қазан айының 29-ндағы мәжілісте КСРО Жоғарғы Кеңесінің Республика Кеңесі төрағалығына бірауыздан сайланды. Шешуші дауысы бар 131 өкілдің 130-ы жақтады! Қалған біреу дауыс бермепті. Азамат, Жазушы беделі сынға түскенде Әнекеңнің мұншама абыройға бөленгені оның кім екенін айтып берді емес пе?!

Кейінде Әнуардың құрбы-құрдастары: «Кешегі «халық жауының» баласы, міне, КСРО-ны құлатып, әкесінің де, әкесімен тағдырлас болғандардың да кегін алды!» десіп әзілдеп жүрді. Қашан, қайда болсын Әнекеңмен еркін сөйлесіп, әзілдесе беретінмін. Сол әдетіммен бірде мен де: -Әнеке, шыныңызды айтыңызшы, қаулыны бекіткен сәтіңізде қолыңыз қалтырамады ма? Іштей бір өкінішіңіз болмады ма? - дедім. Ол сәл ойланып: -Жоқ, өкінген жоқпын. Өзі де әрең тұр емес пе еді? Империя дегенің, оның түр-құрылымы қандай болса да, ұзақ билеп-төстей алмайды, империя – халықтың мүддесін жете ойламайтын жүйе, -деді. -Тәуелсіздікке қолымыз жетті-ау! - дедім. -Жетуін жетті... Не жоғалтқанымызды білсек те, не тапқанымызды білмейміз. Алдымызда қиыншылық көп, қашан оңаларымызды құдай білсін. Кеңес өкіметі салған 74 қабатты үйді бұзуды іргетасынан емес, шатырынан бастайық дегенді айттым Горбачевқа. Ол міз бақпады, сірә, қолынан билік кеткен соң есеңгіреп қалған да болар. Енді ол үйдің орынын үйіндісінен арылту, тазарту, жаңадан жайлы үй салу қаншаға созылады, ай, оны болжау қиын-ау, - деді Әнекең. Әрқашан ақ сөйлейтін Аға небары 63 жасында арамыздан аттанып кете барды. О, тағдыр!..

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

(10. 09. 2015 ж.)