Жаның жаннатта болсын, Құдайберген аға!

Әлем халықтары жазушылары одағы ұжымы ғалым, ақын әрі сазгер Құдайберген Қашқынбайұлы Өрісбаевтың қазасына байланысты, марқұмның отбасы мен туған-туысқандарына, әріптес, қаламдас достарына қайғырып көңіл айтады.

Құдайберген Қашқынбайұлы Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, академик-ғалым, ақын, сазгер әрі ұстаз. Еңбекшіқазақ ауданының және Алматы облысының құрметті азаматы. ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Қаламгер 1937 жылы шілде айының 16-шы жұлдызында Алматы облысы, Шелек ауданындағы (қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы) Қызылжиде ауылында (қазіргі Сабаншы би ауылы) дүниеге келген.

Әкесі Қашқынбай мен шешесі Нұржамал ой-парасатты, айналасына сыйлы азаматтар болған. 30 жыл колхоздың жылқысын бағып, құрметке бөленген еңбек ардагерлері. Әкесі шебер адам болған, қамшы өріп, ертоқым шабатын, домбыраны қарағайдан жасап алатын және ат әбзелдерін де шебер жасаған. Сонымен қатар, күйлерді жақсы орындайтын. Ал шешесі жас кезінде ауыл-аймаққа айтыскер ақындығымен танылған екен.

Қ.Өрісбаев 1958 жылы жолдамамен Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтына түсіп, оны 1963 жылы бітірген. Алты жылдай туған ауылында бас агроном болып қызмет атқарған, ал 1969–1972 жылдары аспирантурада оқып жүріп, Киев қаласында кандидаттық диссертация қорғаған. Содан кейін, Алматы облысының Күрті ауданында ауылшаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған. 1980 жылдың қазан айында Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің оқу-ғылыми өндірістік «Биофизика» бірлестігінің лазер агротехникасы бөліміне меңгеруші болып тағайындалған және биология факультетінің студенттеріне экологиядан дәріс оқыған. Көп жылдық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жинақтай келе, 1993 жылы қыркүйек айында Самарқант қаласында әлемде алғаш болып лазер технологиясынан докторлық диссертациясын сәтті қорғап шыққан. Лазер агротехникасын егістікке қолдану арқылы дәнді дақылдардың өнімін айтарлықтай жоғарылатуға болатындығын анықтап берген және ластанған су құбырларын лазер технологиясының көмегімен толық тазартуға болатындығын ғылыми түрде дәлелдеген тұңғыш ғалым. Бұл ашқан ғылыми жаңалықтары көптеген алыс және жақын шет елдерде патенттелген.

Ғылым докторы дәрежесін 1994 жылы, ал биофизика және биохимия мамандығы бойынша профессор атағын 1995 жылы алған. 1996 жылы ҚР «Экология» академиясының академигі болып сайланған, 150 тарта ғылыми еңбектердің авторы. 2003 жылы «Зерде» баспасынан «Ғылым жолында» атты кітабы басылып шықты.

1998–2008 жылдары шыққан 10 томдық Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының авторларының бірі. 1994 жылы қараша айында Қ.Өрісбаев Дүниежүзілік банктің шақыруымен АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Экономикалық даму институтына бір топ эколог-ғалымдармен бірге барып, лекция оқып қайтқан.

Қ.Өрісбаевтің ән, өлең жазып келе жатқанына жарты ғасыр толыпты. Осы уақыт ішінде 100-ге жуық ән бірнеше жыр жинағын шығарған. Табиғат дарытқан дарынды пайдаланып, өнер жолын шындап қууына, білім мен ғылым жолына түсуі мұрсат бермеді.

2006 жылы баспадан «Жанарым»,ал 2011 жылы «Армандаған әндер-ай» атты жаңа әндер жинағын «Өнер» баспасынан шығарған. Қаламгер сондай-ақ, "Майлай батыр", "Дала тынысы" атты жыр жинақтарының авторы. Қазақ радиосының алтын қорына жиырмаға тарта туындылары енген автордың «Аяулы сезім», «Жанарым», «Арманым» және «Нұрлы жол» атты әндер дискісі жарық көрген.